Home Технологиялар Ғаламтор және желі Енді WhatsApp хабарламалары қазақстандық бизнес үшін ақылы болмақ

Енді WhatsApp хабарламалары қазақстандық бизнес үшін ақылы болмақ

14

2026 жылғы 1 қазаннан бастап Meta WhatsApp Business Platform платформасындағы хабарламаларға ақы есептеу тәртібін өзгертеді. Соған сәйкес компаниялар клиенттерге жіберетін кейбір хабарламалары үшін төлем жасай бастайды.

Әңгіме клиент компанияға өзі жүгінгеннен кейін бизнес тарапынан жіберілетін сервистік хабарламалар туралы болып отыр. 1 қазаннан бастап әр бизнес-нөмірге ай сайын 1000 тегін сервистік хабарлама беріледі. 1001-хабарламадан бастап қызмет ақылы болады.

Бір хабарламаның құны шамамен 8 теңге

Қазақстан үшін бір сервистік хабарламаның тарифі $0,018 болады. Доллардың 446,56 теңге шамасындағы бағамын есепке алсақ, бұл бір хабарламаға шамамен 8 теңгеден келеді.

Мысалы, компания бір бизнес-нөмірден айына 10 мың сервистік хабарлама жіберсе, оның алғашқы 1000-ы тегін болады. Қалған 9000 хабарламаға ақы алынады. Бұл $162 немесе көрсетілген бағам бойынша шамамен 72 мың теңге.

Кіріс хабарламалары тегін қалады

WhatsApp арқылы хабарлама алатын клиенттерге ақы төлеудің қажеті жоқ. Пайдаланушылардан келетін хабарламаларға тариф белгіленбейді әрі олар бизнеске берілетін тегін лимитті азайтпайды.

Өзгеріс компаниялардың клиенттерге жіберетін сервистік хабарламаларына қатысты болады. Жаңа тәртіп WhatsApp Business Platform платформасы мен оның API арқылы жүзеге асырылатын интеграцияларына қолданылады.

Өзгеріс кімдерге қатысты

Жаңа талаптар ең алдымен WhatsApp-ты CRM жүйелері, чат-боттар, байланыс орталықтары және басқа да автоматтандырылған құралдар арқылы пайдаланатын компанияларға әсер етеді.

Ал кәдімгі WhatsApp пен API-интеграциясы жоқ стандартты WhatsApp Business нұсқасы бұл тарифке кірмейді.

Яғни мессенджерді жеке мақсатта пайдаланатын адамдар үшін ештеңе өзгермейді. Қосымша шығын WhatsApp арқылы клиенттермен көп көлемде байланыс жасайтын бизнеске түседі.

Мадина Нуркина