Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және энергия тиімділігін арттыруға бағытталған жоба Alikhan Bokeikhan University-де жүзеге асырылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, университеттің тұрақты даму қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылған жоба білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға және студенттердің заманауи энергетикалық технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруіне мүмкіндік береді.
«Университет кампусының шатырына жалпы қуаты 59 кВт болатын 96 күн панелі орнатылды. Алдын ала есеп бойынша, электр станциясы жылына шамамен 60 мың кВт·сағ электр энергиясын өндіреді. Бұл қосылған нысандардың электр энергиясына қажеттілігінің 50 пайызына дейін өтеуге мүмкіндік береді. Күн энергиясын пайдалану өндірілетін электр энергиясының көлемін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін салмақты да азайтады. Жобаны іске асыру нәтижесінде жыл сайынғы көмірқышқыл газы шығарындылары шамамен 31 тоннаға қысқарады», делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.
Министрліктің мәліметінше, күн электр станциясы университеттің энергетикалық қажеттіліктерін өтеу үшін ғана емес, білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған тәжірибелік база ретінде де пайдаланылмақ.
Студенттер фотоэлектрлік жүйелердің жұмыс істеу қағидаттарын зерделеп, күн панельдерінің тиімділігін бағалайды және өндірілетін электр энергиясының көрсеткіштерін талдай алады.
Сонымен қатар жоба жаңартылатын энергетика, энергия тиімділігі және жасыл технологиялар саласында зерттеулер жүргізіп, тәжірибелік шешімдер әзірлеуге мүмкіндік береді.
Жоба университеттің тұрақты даму бағыты бойынша халықаралық бағалауларға, соның ішінде QS World University Rankings: Sustainability, Times Higher Education Impact Rankings және UI GreenMetric World University Rankings жүйелеріне қатысуына да мүмкіндік береді.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












