Home Кәсіби маман Әлеуметтік желілердегі тарихи контенттің сапасына бақылау күшейтілуі мүмкін

Әлеуметтік желілердегі тарихи контенттің сапасына бақылау күшейтілуі мүмкін

14

Бұл мәселені депутат Шолпан Каринова депутаттық сауалында көтерді. Оның айтуынша, бүгінде қазақстандықтардың, әсіресе жастардың тарихи санасын мектеп оқулықтары мен ғылыми еңбектерден гөрі TikTok, Instagram және YouTube алгоритмдері қалыптастырып келеді. Алайда бұл платформалардағы тарихи контенттің сапасы мен шынайылығы депутаттарды алаңдатып отыр.

– Ұлт жадын күмәнді деректермен және бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекеттер халықтың өткеніне деген сенімін әлсіретіп, болашаққа деген үмітіне нұқсан келтіреді. Бұл ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға мемлекеттік деңгейде жүйелі көзқарас қажет екенін көрсетеді, – деді Каринова. Парламент депутатының сөзінше, қазақтілді интернет кеңістігінде жалған ақпарат пен тарихи шындыққа жанаспайтын аңыздар өте жылдам таралады. Ал оларға қоғамға түсінікті әрі кәсіби деңгейде жауап беретін тетіктер әзірге жеткіліксіз.

– Бүгінде тарихи сана тек оқулықтар мен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың ықпалы артып келеді. Әсіресе жастар TikTok, Instagram, YouTube секілді платформалардан көп ақпарат алады. Сондықтан Қазақстан тарихы туралы қандай мәлімет таралып жатқаны, оның қайдан алынғаны және қоғамға қандай жолмен жеткізілетіні барған сайын маңызды бола түсуде, – делінген депутаттық сауалда.

Депутат билік пен азаматтар арасындағы байланыстың әлсіздігін де көтерді. Оның пікірінше, мемлекеттік органдар ауқымды жұмыс атқарғанымен, оның мәнін халыққа түсінікті тілмен жеткізе алмай отыр. Осыған байланысты мемлекеттік ақпарат саясаты құрғақ әрі ресми есептермен шектелмей, реформалардың мазмұнын заманауи медиаплатформалар арқылы түсіндіруге бағытталуы керек. Депутаттар ел тарихына қатысты жарияланатын кез келген контенттің ғылыми дәлдігін қамтамасыз етіп, ақпараттың шынайылығын тексеретін арнайы жүйе құруды ұсынып отыр. Сонымен бірге мемлекеттік органдар тек тыйым салумен шектелмей, жастарға жақын ақпарат тарату тәсілдерін меңгеріп, TikTok, Instagram және YouTube платформаларында сапалы ағартушылық жобаларды кең көлемде іске қосып, ілгерілетуі қажет. Мұнымен қатар Үкіметке цифрлық кеңістіктегі тарихи бұрмалауларды жедел анықтап, олардың таралуына тосқауыл қою үшін жедел фактчекинг тетігін қалыптастыру ұсынылды.

Динара Бекболаева

Дереккөз:ulysmedia.kz