Home Сараптама Ресейлік математиктер жасанды интеллект модельдерін мәтінсіз байланыстыратын әдіс әзірледі

Ресейлік математиктер жасанды интеллект модельдерін мәтінсіз байланыстыратын әдіс әзірледі

13

Ресейлік математиктер құрған Mostik стартабы жасанды интеллект модельдеріне мәтін жібермей-ақ ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін әдіс әзірледі. Жүйе ақпаратты бір модельден екіншісіне мәтін түрінде жеткізудің орнына, модельдердің ішкі параметрлерінде қалыптасатын математикалық сипаттамаларды пайдаланады.

Әзірлеушілердің пайымынша, бұл тәсіл үлкен және шағын модельдердің мүмкіндіктерін біріктіріп, есептеу ресурстарын аз жұмсай отырып, жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Стартап өз шешімін бір модель 753 миллиард параметр арқылы мәселені талдап, ал шеткі құрылғыларға арналған 4 миллиард параметрлі модель жауап құрастыратын жүйеде сынақтан өткізді. Нәтижесінде бұл тәсіл алдыңғы қатарлы модельдің дәлдігінің 80 пайызына тең көрсеткішке қол жеткізгенімен, жұмыс жылдамдығы 20 есе жоғары болған.

Әдетте екі модель өзара әрекеттескен кезде бірінші модельдің жұмысының нәтижесі екіншісіне мәтін түрінде беріледі. Яғни бір жүйе жауап қалыптастырса, екіншісі оны өңдеп, жұмысты жалғастырады. Mostik осы аралық кезеңнен бас тартып, әртүрлі модельдердің ішкі сандық сипаттамаларын тікелей сәйкестендіруді ұсынады. Компания модельдер арасындағы осындай байланысты «көпір» деп атайды, бұл атау стартаптың атауынан да көрініс тапқан.

Mostik басшысы Саша Малышева бірнеше мамандандырылған модельдің мүмкіндігін біріктіру әмбебап жүйелердің көлемін үнемі ұлғайта беруге балама бола алады деп есептейді.

Мысалы, бір модельге биология, физика немесе басқа да салаларға маманданған жекелеген жүйелерді қосуға болады. Мұндай жағдайда шағын модель әр сұрау сайын қуатты модельді толық іске қоспай-ақ, оның мүмкіндіктерін пайдалана алады.

Төрт ай бұрын іске қосылған стартаптың командасында бар болғаны 15 адам жұмыс істейді. Олардың 12-сі ғылым докторы, ал кейбір мамандар бұған дейін Google X, Nvidia және Perplexity компанияларында еңбек еткен. Mostik компаниясының бас ғылыми қызметкері қызметіне Женева университетінің профессоры, Филдс медалінің иегері Станислав Смирнов тағайындалды. Оның айтуынша, екі жасанды интеллект моделінің өзара түсінісуіне жағдай жасау ойлағаннан әлдеқайда қиын. Қазір олардың өзара әрекеттесуіне қолайлы математикалық тіл қалыптаспаған болуы мүмкін. Смирновтың пікірінше, Mostik жүргізіп жатқан жұмыс модельдердің бір-бірімен ақпарат алмасуына ғана емес, олардың қалай жұмыс істейтінін сипаттайтын жаңа заңдылықтарды анықтауға да жол ашуы ықтимал. Оның пайымдауынша, математикалық талдауды тереңдету жасанды интеллект жүйелерінің ой қорыту қағидаттарын адам миының жұмыс істеу ерекшеліктерімен салыстыруға мүмкіндік береді.

Mostik тәсілінің кеңінен қолданылуы ашық модельдермен жұмыс істеу тәжірибесін өзгертуі мүмкін. Әзірлеушілер бір қымбат әрі ауқымды жүйенің орнына көлемі мен мамандану бағыты әртүрлі бірнеше модельден тұратын қолжетімді жүйелерді біріктіріп пайдалана алады. Бұл есептеу шығындарын азайтып, ашық шешімдердің жабық, меншікті жүйелермен салыстырғандағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Дереккөз: Хайтек+

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.