Гуманоид роботтар өндіретін әлемдегі ірі компаниялардың бірі Unitree биржаға шыққан алғашқы күннің өзінде инвесторлардың назарын аударды. Компания акциялары сауда басталғаннан кейін 600 пайыздан астам қымбаттады.
Қытайлық компания әлемге әлеуметтік желілерде кең тараған бейнежазбалары арқылы танылды. Онда компания роботтары эстрада жұлдыздарының қойылымдарында қосалқы биші ретінде өнер көрсетіп, жекпе-жек өнерінің тәсілдерін орындап, күрделі спорттық трюктер жасайды. Роботтар ролик тебе алады, үстел теннисін ойнайды, артқа қарай аунап түседі және кедергілерден секіріп өте алады.
Сәрсенбі күні Unitree акциялары бастапқы орналастыру кезінде белгіленген шамамен 150,8 юаньнан (19,3 еуро) 1100 юаньға (140,6 еуро) дейін көтерілді. Осылайша акция құны 600 пайыздан астам өсті. Алайда күн соңына қарай өсім шамамен 500 пайыз деңгейіне түзетілді.
Акцияларға деген жоғары сұранысты негізінен Қытайдың жеке инвесторлары қалыптастырды. Кәсіби нарық қатысушыларына арналмаған үлеске берілген өтінімдер ұсынылған акция көлемінен бірнеше мың есе асып түсті.
Unitree робототехникаға деген сұраныстың артуын тиімді пайдалана алатын компаниялардың қатарында. Бұған оның салыстырмалы түрде қолжетімді бағамен ұсынылатын робот иттері мен америкалық баламаларынан әлдеқайда арзан гуманоид роботтары ықпал етіп отыр.
Соңғы жылдары робототехника саласы айтарлықтай дамып, инвесторлар осы нарықта жаңа ірі көшбасшыны іздеуге кірісті. Бұл жасанды интеллектіні физикалық ортада қолдануға мүмкіндік беретін физикалық жасанды интеллект бағытының дамуында роботтардың атқаратын рөлі күшейіп келе жатқанымен де байланысты.
Мұндай жүйелер роботтарды нақты ортада үйретіп, жүру, заттарды ұстау сияқты әрекеттерді қайталау және қателесу арқылы меңгеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде жасанды интеллект жүйелерінің қоршаған ортаны қабылдау және оған жауап беру қабілеті жетіліп, неғұрлым күрделі модельдерді үйретуге қажет ауқымды деректер қоры қалыптасады.
Goldman Sachs бағалауынша, 2035 жылға қарай гуманоид роботтардың әлемдік нарығы 38 млрд долларға (32,7 млрд еуро) жетуі мүмкін.
Қазір гуманоид роботтар саласында акциялары ашық нарықта саудаланатын компаниялардың қатарына қытайлық Unitree мен UBTECH Robotics жатады. Ал Tesla, Xiaomi және Hyundai Motor секілді компаниялардың гуманоид роботтарды әзірлейтін жеке бөлімшелері бар.
Сонымен қатар тағы бірнеше қытайлық гуманоид робот өндірушісі, оның ішінде Leju Robotics пен Deep Robotics те, акцияларын биржаға шығаруға дайындалып жатыр.
Бұл саладағы ілгерілеуге қарамастан, АҚШ бастаған бірқатар ел шетелде өндірілген гуманоид және төрт аяқты роботтарды әкелу мен пайдалануға қатысты сақтық танытып отыр. Мұндай ұстаным ұлттық қауіпсіздікке байланысты тәуекелдермен түсіндіріледі.
Дереккөз: Euronews












