Қазақстанда негізгі үдерістері алгоритмдер арқылы басқарылатын жоғары білім берудің жаңа моделі әзірленіп жатыр. Бұл туралы LS хабарлады. Жобаның жай-жапсарын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек таныстырды.
Министрдің айтуынша, эксперименттік модельді қазан айында таныстыру жоспарланып отыр. Жаңа тәсіл оқу үдерісін студенттің жеке ерекшеліктеріне қарай бейімдеуді көздейді. Атап айтқанда, әр студенттің оқу жүктемесі оның қызығушылығы мен мүмкіндігіне қарай қалыптастырылады.
«Баршаңызды жоғары білім беруді ұйымдастырудың жаңа эксперименттік үлгісімен танысуға шақырамыз. Мұнда негізгі үдерістерді алгоритмдер басқарады. Студенттің оқу жүктемесі оның қызығушылығына барынша сәйкес ұйымдастырылады. Мұндай форматтарға үлкен үміт артып отырмыз. Шетелдік университеттермен бірлесіп жұмыс істеудің де түрлі жолдары бар. Қазақстанға әр елдің жоғары оқу орындарын шақырып, олардың оқу және ғылыми-зерттеу үдерістерін қалай ұйымдастыратынын зерделеп жатырмыз», — деді ол.
Министр Қазақстанның шетелдік жоғары оқу орындарының тәжірибесін де зерттеп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар оқу мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудың жаңа үлгілерін дамыту үшін шетелдік университеттерді елге тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
С. Нұрбек жоғары оқу орындарындағы оқу мерзіміне де тоқталды. Оның айтуынша, университеттер оқу бағдарламаларын, соның ішінде білім алу мерзімін де өз бетінше өзгерте алады. Министр бұған Astana IT University-дегі пилоттық жобаны мысалға келтірді. Мұнда бакалавриат бағдарламасы үш жылға есептелген.
«Кейбір мамандықтар бойынша төрт жыл оқу ұзақ уақыт саналады. Өйткені осы аралықта жағдай айтарлықтай өзгеріп кетуі мүмкін. Бұл әсіресе ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласына қатысты. Сондықтан қазір үкіметке жоғары оқу орындарында қолданбалы бакалавриатты қысқартылған мерзімде оқыту туралы ұсыныс енгіздік», – деді С. Нұрбек.
Сонымен қатар колледждер үшін де пилоттық жоба іске қосу жоспарланып отыр. Оның аясында студенттер бакалавр деңгейіндегі қолданбалы мамандықты қысқартылған мерзімде меңгере алады. Одан кейін жоғары оқу орнында модульдік жүйе бойынша білімін жалғастыру мүмкіндігі беріледі.
«Жалпы, болашақта оқу мерзімі қысқара түседі. Білім алудың икемді әрі аралас форматтары пайда болады. Бұл бағыттағы нормативтік-құқықтық базаны әзірлеп қойдық. Пилоттық жобаларды да сынақтан өткіздік. Жалпы, жүйе жұмыс істеп тұр», – деді министр.
Ол қыркүйекте Қазақстандағы алғашқы Жасанды интеллект жөніндегі зерттеу институты жұмысын бастайтынын да еске салды. Мұнда оқу үдерісі алгоритмдерді пайдалану арқылы ұйымдастырылады. Соның ішінде білім алуды студенттің жеке ерекшеліктеріне қарай бейімдеу тетігі де қарастырылған.
«Бұл – өте батыл эксперимент. Мұндай бағытқа көп мемлекет бара бермейді. АҚШ пен Қытай осы жолды таңдаған елдердің қатарында. Енді біз де іске кірісіп отырмыз», – деп қорытындылады ведомство басшысы.
Бұған дейін Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары бас университеттердің дипломдарымен толық сәйкес келетін құжат беруге міндеттелетіні хабарланған болатын.
Сондай-ақ Мәжілістің бұрынғы депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда студенттерге қазір оқытылып жатқан дағдылардың жартысына жуығы 2030 жылға қарай өзектілігін жоғалтуы мүмкін екенін айтқан.
Джамиля КАРИМОВА
Дереккөз – Techspot












