Home Технологиялар Ғаламтор және желі 20 тамыздан бастап Қазақстанда сәйкестендірілмеген смартфондарды сатуға тыйым салынады

20 тамыздан бастап Қазақстанда сәйкестендірілмеген смартфондарды сатуға тыйым салынады

12

20 тамыздан бастап Қазақстанда мобильді құрылғыларды сату тәртібі өзгереді. Tengri Life жаңа талаптардың негізгі тұстарын түсіндірді.

IMEI — мобильді құрылғыға берілетін бірегей сәйкестендіру коды. Әдетте ол 15 цифрдан тұрады. Осы код арқылы ұялы байланыс желісіндегі телефонды анықтап, оның өндірушісі, моделі мен шығу тегі туралы мәліметтерді тексеруге болады.

Сәйкестендіру кезінде екі негізгі тексеру жүргізіледі:

  • құрылғы туралы мәліметтерді GSM қауымдастығының (GSMA) халықаралық деректер қорымен салыстыру;
  • құрылғының Қазақстанда заңды түрде өндірілгенін, жөнделгенін немесе елге әкелінгенін мемлекеттік кеден және салық жүйелері арқылы тексеру.

Осылайша мемлекет IMEI кодының бар-жоғын және түпнұсқалығын ғана емес, телефонның елге заңды жолмен әкелінген-әкелінбегенін де анықтайды.

20 тамыздан бастап не өзгереді?

IMEI сәйкестендіру жүйесінің операторы түсіндіргендей, сатып алушы тауар ақысын төлемес бұрын құрылғының IMEI кодын талап ете алады.

«20 тамыздан бастап енгізілетін өзгерістер сатушыны IMEI кодын клиентке беруге міндеттейді. Осыған сәйкес сатып алушылар мәміле жасалғанға дейін бұл сәйкестендіру кодын талап етуге құқылы. Сонымен қатар сатып алу рәсімі кезінде сатушы құрылғының IMEI кодын фискалдық түбіртекке енгізуге міндетті», – деп хабарлады компания.

IMEI коды сатып алуды растайтын құжатта да көрсетілуі тиіс. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мұндай құжатқа қағаз немесе электронды түбіртек, түбіртек орнына жүретін құжат немесе заңда көзделген өзге де құжат жататынын түсіндірді. Онда тауардың атауы мен құны, сатып алынған күні, сатушы немесе өндіруші туралы мәліметтер болуы қажет.

«Енді мұндай құжаттарда сатушы ұялы байланысқа арналған сатылған абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодтарын да көрсетуге міндетті», – деп түсіндірді комитет.

Осылайша 20 тамыздан бастап сәйкестендіруден өтпеген смартфондарды сатуға тыйым салынады.

«Сәйкестендіруден өтпеген мобильді құрылғылар техникалық реттеу талаптарына сәйкес келмейді деп танылады. Сондықтан оларды Қазақстан аумағында сатуға тікелей тыйым салынады. Бұл талапты бұзған жағдайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұл салынады», – деп хабарлады IMEI сәйкестендіру жүйесінің операторы.

Сәйкестендірілмеген смартфон сатылса не істеу керек?

Егер сатып алушыға сәйкестендіруден өтпеген құрылғы сатылса, ол сатушыға тиісті талап қоя алады.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 15-бабына сәйкес сатып алушы тауардың бағасын төмендетуді, кемшіліктерін өтеусіз жоюды, оларды жоюға жұмсалған шығынды өтеуді, құрылғыны ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы.

Жаңа ережелер электрондық саудаға да қолданылады.

«Енді маркетплейстер агенттік шартқа сатушыны құрылғының IMEI деректер қорында бұғатталмағанын және оған қандай да бір шектеу қойылмағанын тексеруге міндеттейтін талап енгізуі тиіс», – деп түсіндірді IMEI сәйкестендіру жүйесінің операторы.

Сатушыларға қандай айыппұл салынады?

Жүйе операторының «САПА» Тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұлттық қоғамына сілтеме жасап берген мәліметіне сәйкес, техникалық реттеу талаптарына сай келмейтін тауарды сату Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-бабы бойынша жауапкершілікке әкеледі.

Компания айыппұл мөлшерін былай көрсетті:

  • жеке тұлғаларға — 90 АЕК, яғни 2026 жылы 389 250 теңге;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 195 АЕК, яғни 843 375 теңге;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 310 АЕК, яғни 1 340 750 теңге;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 600 АЕК, яғни 2 595 000 теңге.

«Бір жыл ішінде талап қайта бұзылған жағдайда кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай айыппұл мөлшері 1,5–2 есеге өседі. Алайда негізгі жаза тек айыппұлмен шектелмейді. Мемлекет техникалық регламент талаптарын бұзған кәсіпкердің өнімін тәркілеуі немесе оның қызметін тоқтата тұруы мүмкін», -деп хабарлады компания.

Ақ, сұр және қара тізімдегі телефондардың айырмашылығы неде?

Абоненттік құрылғыларды тіркеудің жаңа тәртібі Қазақстанда 2025 жылдың көктемінен бастап қолданыла бастады. Содан бері телефондар үш тізімге бөлінеді.

Ақ тізімге сәйкестендіруден сәтті өткен құрылғылар енгізіледі. Олар Қазақстандағы ұялы байланыс желілерінде ешқандай шектеусіз жұмыс істей алады.

Сұр тізімге жүйеде мәліметтері жеткіліксіз немесе қосымша тексеруді қажет ететін құрылғылар енгізіледі. Мұндай телефонды желіде уақытша пайдалануға рұқсат беріледі. Иесіне құрылғының елге заңды түрде әкелінгенін растауға немесе анықталған сәйкессіздіктерді жоюға 30 күнге дейін уақыт беріледі.

Қара тізімге қолдан жасалған, өзгертілген немесе қате көрсетілген IMEI коды бар құрылғылар, зауыттық сәйкестендіру нөмірі жоқ телефондар, сондай-ақ GSMA халықаралық қара тізіміне енгізілген аппараттар жатады. Мұндай құрылғылардың ұялы байланыс желісіне қосылуына шектеу қойылады.

Смартфонды сатып алмас бұрын қалай тексеруге болады?

IMEI кодын телефоннан *#06# пәрменін теру арқылы білуге болады. Код мына жерлерде де көрсетіледі:

  • құрылғының баптауларында;
  • қаптамасында;
  • кепілдік талонында;
  • кей жағдайда телефонның корпусында немесе аккумулятордың астында.

Егер смартфон екі SIM-картаны немесе eSIM технологиясын қолдаса, онда оның бірнеше IMEI коды болуы мүмкін. Сондықтан олардың әрқайсысын жеке тексеру қажет.

Құрылғының мәртебесін eGov Mobile қосымшасы, gov.kz порталы және Мемлекеттік радиожиілік қызметі қадағалайтын imei.rfs.gov.kz сервисі арқылы тексеруге болады. Жүйе IMEI кодының тіркелген-тіркелмегенін және құрылғыны Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етілген-етілмегенін көрсетеді.

Телефон ақысын төлемес бұрын құрылғы баптауларындағы, қаптамадағы және сатушы ұсынған құжаттардағы IMEI кодтарын салыстырған жөн. Кодтардың сәйкес келмеуі телефон корпусының ауыстырылғанын, сәйкестендіру нөмірінің өзгертілгенін немесе құрылғының шығу тегіне қатысты басқа да мәселе бар екенін көрсетуі мүмкін.

Жаңа талаптар қашан күшіне енеді?

Ережелердің негізгі бөлігі 60 күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

Осыған сәйкес сәйкестендірілмеген телефондарды сатуға тыйым салу, сатып алушыға IMEI кодын көрсету міндеті және мұндай құрылғыны қайтару құқығына қатысты талаптар 2026 жылғы 20 тамыздан бастап күшіне енуі тиіс.

Заңның технологиялық және инфрақұрылымдық мәселелерге қатысты бірқатар нормасы, соның ішінде құрылғылардың орталықтандырылған деректер қорын жүргізуге байланысты ережелер, кейінірек, 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Смартфон сатып алмас бұрын тұтынушыларға мына әрекеттерді орындау ұсынылады:

  • сатушыдан құрылғының барлық IMEI кодтарын сұрату;
  • оларды ресми сервис арқылы тексеру;
  • телефондағы және қаптамадағы кодтарды салыстыру;
  • түбіртекті, сатушы туралы мәліметтерді және онымен жүргізілген хат-хабарды сақтау;
  • сатушы төлем жасалғанға дейін IMEI кодын көрсетуден бас тартса, құрылғыны сатып алмау.

Сәйкестендірумен неге жеке компания айналысты?

2025 жылы жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін құрылғыларды сәйкестендіру қызметін ATS Mediafon KZ ЖШС көрсетті.

Кәсіпкерлерден бір құрылғыны тексеру үшін бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақы алынған. 2025 жылы бұл сома 3932 теңгені құрады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл төлем салық немесе мемлекеттік баж емес екенін бірнеше рет атап өтті. Қаражатты жеке компания коммерциялық техникалық қызмет көрсеткені үшін алды. Ал өз телефонын сәйкестендіруден өткізетін жеке тұлғалар үшін бұл қызмет тегін болды.

Бұл тәртіп депутаттардың сауалына себеп болды. Мәжілісте компания іс жүзінде нарық үшін міндетті қызмет атқарып, тіркелген әр құрылғыдан ақы алып отырғаны айтылды. Бұрынғы депутат Болатбек Нажметдинұлы қызмет көрсетуші компанияның қалай таңдалғанын, қызмет құны қандай негізде белгіленгенін және IMEI кодтары мен дербес деректерді өңдеу не себепті жеке құрылымға берілгенін түсіндіруді сұрады.

Кейін Үкімет ATS Mediafon KZ компаниясы іріктеу нәтижесінде таңдалғанын, ал онымен келісім 2025 жылғы сәуірде жасалғанын хабарлады. Сонымен қатар нарықтың ашық болғаны және белгіленген талаптарға сай келетін басқа қызмет көрсетушілердің де жүйеге қосыла алатыны айтылды.

Қоғамдық сыннан кейін бұл тетікті өзгерту туралы шешім қабылданды. Енді аталған функция Мемлекеттік радиожиілік қызметіне беріледі. Осылайша смартфондарды міндетті түрде тексеру міндетін жеке коммерциялық компанияның орнына мемлекеттік ұйым атқарады.

Мемлекеттік жүйе IMEI кодтарын GSMA, кеден органдары, салық жүйелері және шекарадан өту туралы мәліметтермен салыстырады деп күтіледі.

Алиа Рахимова

Мәтін қысқартылып жарияланды.