Қазақстандықтарға Ұлттық куәландыру орталығының атынан хабарласып, электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) қолданылу мерзімін ұзартуды ұсынатын алаяқтар көбейгені ескертілді. Бұл туралы ҚР Ұлттық куәландыру орталығы хабарлады.
Алаяқтар өздерін орталықтың қызметкері ретінде таныстырып, ЭЦҚ сертификатының қолданылу мерзімі аяқталуға жақын қалғанын айтуы мүмкін. Одан кейін олар құжаттың қолданылу мерзімін телефон арқылы ұзартуды ұсынып, SMS арқылы келген кодты айтуды немесе жіберілген сілтемеге өтуді сұрайды.
Ұлттық куәландыру орталығы сертификаттардың қолданылу мерзімі аяқталуға жақын қалғаны туралы пайдаланушыларға телефон арқылы хабарласпайтынын атап өтті.
Шынайы ескертулер SMS және электрондық пошта арқылы үш рет жіберіледі. Олар сертификаттың қолданылу мерзімі аяқталуына 30 күн, 10 күн және 24 сағат қалғанда жолданады.
Не істеуге болмайды?
Қазақстандықтарға бөгде адамдарға SMS арқылы келген кодтарды, құпиясөздерді және ЭЦҚ кілттерін бермеу ескертілді. Сондай-ақ белгісіз нөмірлерден немесе жөнелтушілерден келген сілтемелерге өтпеу және қоңырау шалған адамның нұсқауымен қандай да бір қосымшаны орнатпау қажет.
Қажетті ақпаратты ҚР Ұлттық куәландыру орталығының ресми сайтынан немесе 1414 нөмірі арқылы қолдау қызметіне хабарласып тексеруге болады.
Орталық ЭЦҚ кілттеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін деректерді үшінші тұлғаларға беруге болмайтынын тағы бір мәрте еске салды.
Асель Каженова
Дерреккөз: Finratings.kz
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












