Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстандық оқушы IOAI 2026 олимпиадасында күміс жүлдеге ие болды

Қазақстандық оқушы IOAI 2026 олимпиадасында күміс жүлдеге ие болды

10

Қазақстан астанасында жасанды интеллект саласындағы оқушылар арасындағы әлемдегі ірі жарыстардың бірі саналатын Жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиада (International Olympiad in Artificial Intelligence, IOAI 2026) мәресіне жетті. Бұл деңгейдегі олимпиаданың Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылуы әлемнің түкпір-түкпірінен жас зерттеушілерді, ғалымдар мен сарапшыларды бір алаңға жинауға мүмкіндік берді.

Астана қаласында 106 елден келген 500-ге жуық қатысушы, тәлімгерлер мен қазылар алқасының мүшелері бас қосты. Бір апта бойы оқушылар машиналық оқыту, компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу және жасанды интеллекттің өзге де бағыттары бойынша практикалық тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар қатысушылар білім беру, ғылыми және мәдени бағдарламаларға қатысты.

Олимпиаданың маңызды кезеңдерінің бірі Team Challenge командалық сайысы болды. Бұл кезеңде әр елден құралған халықаралық командалар жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, қолданбалы міндетті бірлесіп шешті.

IOAI 2026 олимпиадасының өткізілуі Қазақстанда осы уақытқа дейін жасанды интеллект саласында ұйымдастырылған ең ауқымды халықаралық білім беру іс-шарасына айналды.

«100-ден астам ел мен 500-ге жуық қатысушының бас қосуы бүгінгі таңда жасанды интеллект саласындағы таланттар үшін бәсекенің қаншалықты жаһандық сипат алғанын көрсетеді. Біз үшін жасанды интеллект бойынша осындай жоғары деңгейдегі халықаралық олимпиаданың Қазақстанда алғаш рет өтуі, сондай-ақ қазақстандық оқушының абсолютті жеңімпаздар үштігіне еніп, екінші орын алуы аса маңызды. Біз елімізде қажетті экожүйені кезең-кезеңімен қалыптастырып келеміз: есептеу инфрақұрылымын дамытып, Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығын құрып, жаңа буын мамандарын даярлауға инвестиция салып жатырмыз. Біздің міндетіміз – қазақстандық жастардың жасанды интеллект технологияларын тек пайдаланушы болып қана қоймай, оларды өздері жасап, әлемнің үздік мамандарымен бәсекеге түсе алатындай жағдай қалыптастыру», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Жеке сайыстың қорытындысы бойынша Жасанды интеллект бойынша 3-ші халықаралық олимпиаданың абсолютті жеңімпаздары анықталды:

1-орын – Артем Горохов (Ресей);

2-орын – Дәужан Бекетов (Қазақстан);

3-орын – Шао Цзыси (Қытай).

Team Challenge командалық сайысының қорытындысы бойынша арнайы аталымдарда жеңімпаздар марапатталды:

Best Demonstration Award – роботтар жарысындағы үздік таныстырылымы үшін Жаңа Зеландия құрамасы марапатталды;

Creative Robot Design Award – роботтың ең креативті дизайны үшін Гонконг құрамасы марапатталды;

AI-Native Robotics Award – робот техникасында AI-native тәсілдерін үздік қолданғаны үшін Бразилия құрамасы марапатталды.

Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы Бағдат Мусин олимпиаданы дайындауға және өткізуге атсалысқан баршаға алғыс білдірді.

«Небәрі төрт айдың ішінде әлемдік деңгейдегі олимпиаданы дайындап, өткізе алдық. Бұған Мемлекет басшысының қолдауы, мемлекеттік органдардың, халықаралық серіктестердің, қазылар алқасы мүшелерінің, команда жетекшілерінің, еріктілердің және бүкіл ұйымдастыру тобының бірлескен жұмысы арқасында қол жеткіздік. Осы ауқымды шараның бір бөлігі болған әр адамға шын жүректен алғыс айтамын. Біз жарыс өтетін жай ғана алаң қалыптастыруды емес, халықаралық жасанды интеллект қауымдастығы қалыптасатын, жаңа идеялар туындайтын, достық байланыстар орнап, болашақ бірлескен жобаларға жол ашылатын орта құруды мақсат еттік», – деді Бағдат Мусин.

Жарыс бағдарламасынан бөлек, қатысушылар Қазақстанның заманауи инфрақұрылымымен танысты. Олар Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығына барып, мәдени іс-шараларға қатысты. Сондай-ақ әртүрлі елдерден келген құрдастарымен кәсіби және достық байланыс орнатуға мүмкіндік алды.

IOAI 2026 олимпиадасының өткізілуі жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Сонымен қатар бұл Қазақстанның әлемдегі ең ірі білім беру және технологиялық іс-шараларды өткізуге дайын екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Олимпиаданың басты нәтижесі қатысушылардың жоғары көрсеткіштерімен ғана шектелмейді. Жарыс жас зерттеушілер арасындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға берік негіз қалыптастырды. Алдағы жылдары дәл осы оқушылар жасанды интеллекттің даму бағытын айқындап, жаңа технологияларды жасап, әлемдік цифрлық экономиканың болашағын қалыптастыруға үлес қосады.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.