Home Робот пен дрондар,ЖИ Қытайдың BrainCo компаниясы роботтарды ой арқылы басқаруға арналған платформаны таныстырды

Қытайдың BrainCo компаниясы роботтарды ой арқылы басқаруға арналған платформаны таныстырды

10

Қытайдың BrainCo компаниясы Шанхай қаласында адам миының сигналдары арқылы роботтар мен өзге де құрылғыларды басқаруға мүмкіндік беретін бірегей «ми – робот» платформасын таныстырды.

Жаңа жүйе хирургиялық араласуды қажет етпейтін ми–компьютер байланысы технологиясына негізделген. Оны пайдалану үшін бас терісіне жанасатын сенсорлармен жабдықталған электроэнцефалография (ЭЭГ) құрылғысын кию жеткілікті. Құрылғы мидағы электрлік белсенділікті тіркейді, ал жасанды интеллект алгоритмдері алынған деректерді талдап, адамның қандай әрекет жасағысы келетінін анықтайды. Кейін осы ақпарат робот түсінетін басқару пәрмендеріне түрлендіріледі. Платформа әртүрлі өндірушілердің роботтық манипуляторларымен, робот-иттерімен және адам тәрізді роботтарымен бірлесіп жұмыс істей алады.

BrainCo мамандары он жылға жуық жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде адам ниетін ми сигналдары арқылы анықтап, оны робот орындайтын нақты пәрмендерге айналдыру тәсілін жетілдіргенін айтады. Дегенмен әзірлеушілер бұл технологияның басты артықшылығы роботты ой күшімен басқаруда емес екенін атап өтеді. Олардың пікірінше, жүйенің ең маңызды ерекшелігі – жаңа буын роботтарын үйретуге қажетті сапалы деректерді жинақтауға мүмкіндік беруінде. Өйткені жасанды интеллектке негізделген роботтық жүйелерді дамытудағы негізгі қиындықтардың бірі – олардың шынайы ортадағы әрекеттерге қатысты деректерінің жеткіліксіздігі. BrainCo платформасы осы олқылықтың орнын роботтың нақты іс-қимылдарын, адамның әрекет үлгілерін және виртуалды модельдеу нәтижелерін бір арнаға тоғыстыру арқылы толықтырады.

Соған қарамастан, бұл технологияның әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары бар. Электроэнцефалография құрылғыларының сезімталдығы әзірге жоғары деңгейге жете қойған жоқ. Сондықтан жүйенің тұрақтылығы мен жұмыс дәлдігін арттыру маңызды міндеттердің бірі болып саналады. Сонымен қатар BrainCo компаниясы әзірге платформаның техникалық мүмкіндіктеріне қатысты толық мәлімет жариялаған жоқ. Сол себепті бұл технологияның зертханадан тыс жағдайда қаншалықты тиімді екені алдағы сынақтар барысында айқындалады.

Дереккөз: SCMP