Home Сараптама Nvidia мен OpenAI құны 500 млрд доллардан асатын әлемдегі ең ірі деректерді...

Nvidia мен OpenAI құны 500 млрд доллардан асатын әлемдегі ең ірі деректерді өңдеу орталықтарының бірін салуды көздеп отыр

15

Nvidia компаниясы АҚШ-тың Огайо штатында ауқымды деректерді өңдеу орталығын салу жобасын жүзеге асыру үшін OpenAI компаниясына шамамен 250 млрд доллар көлемінде қаржылық кепілдік беру мәселесін талқылап жатыр.

The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, есептік қуаты 10 ГВт болатын жобаны SoftBank компаниясының энергетика бағыты әзірлеуде. Жобаға тартылатын инвестиция көлемі 500 млрд доллардан асуы мүмкін. Көзделіп отырған қаржылық кепілдіктер OpenAI компаниясына нысанды ұзақ мерзімге жалға алып, жобаны іске асыру үшін қарыз қаражатын тартуға мүмкіндік береді.

Бұл жоба OpenAI үшін есептеу инфрақұрылымын өз күшімен қалыптастыруға бағытталған алғашқы ірі қадам болмақ. Осы уақытқа дейін компания Microsoft, Amazon және Oracle компанияларының есептеу ресурстарын жалға алып келді. Ал Nvidia үшін бұл бастама жасанды интеллектіге арналған үдеткіштеріне ұзақ мерзімді сұранысты қамтамасыз етуге жол ашады. Дереккөздердің мәліметінше, компания OpenAI-дің жалпы құны 350 млрд долларға дейін жететін чиптерді сатып алуын қаржыландыру мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Алайда бұл жеткізілімдер қаржылық кепілдік туралы келісімнің құрамына енгізілмеген.

Жобаның алғашқы кезеңінде шамамен 800 МВт қуатқа ие деректерді өңдеу орталығының іске қосылуы 2028 жылға жоспарланған. Бастама АҚШ пен Жапония арасындағы келісім аясында қолдау тауып отыр. Аталған келісім Жапонияның газбен жұмыс істейтін электр станциясының құрылысына инвестиция салуын көздейді. Сонымен қатар жобаға Anthropic, Microsoft және Google компаниялары да қызығушылық танытып отыр.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.