Home Технологиялар Ғаламтор және желі Жасанды интеллект контентін таңбаламағандарға айыппұл салынады

Жасанды интеллект контентін таңбаламағандарға айыппұл салынады

8

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға енгізілген өзгерістердің күшіне енгенін еске салып, нарық қатысушыларының назарын жасанды интеллект саласындағы заң талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгеніне аударды.

Агенттіктің түсіндіруінше, жасанды интеллектінің көмегімен әзірленген кез келген ақпарат пен көрсетілетін қызмет міндетті түрде тиісті түрде таңбалануға тиіс. Сондай-ақ жасанды интеллект қалыптастырған материалдарды таратуға тек машина арқылы танылатын арнайы белгісі және пайдаланушыларға арналған көрнекі ескертуі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Таңбалау талаптарының сақталмауы, сондай-ақ алгоритмдік шешімдердің ашықтығы мен айқындығына қатысты заң талаптарының орындалмауы әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін айыппұл мөлшері құқық субъектісінің санатына қарай белгіленіп, жеке тұлғалардан бастап ірі кәсіпкерлік субъектілеріне дейін сараланып қолданылады.

Агенттік бұл талаптардың, әсіресе, жасанды интеллект клиенттерді бағалау, операцияларды бақылау және құқықтық салдары бар шешімдер қабылдау үдерістерінде пайдаланылатын қаржы және цифрлық қызмет көрсету салалары үшін айрықша маңызды екенін атап өтті.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.