Home Электроника Ақылды құрылғылар OpenAI ChatGPT негізіндегі дауыс зорайтқышын әзірлеуде

OpenAI ChatGPT негізіндегі дауыс зорайтқышын әзірлеуде

9

OpenAI компаниясы ChatGPT негізінде жұмыс істейтін дауыстық көмекшісі бар жаңа дауыс зорайтқышты әзірлеуде. Құрылғы қозғалысқа келетін механикалық бөлшектермен, камерамен, түрлі сенсорлармен және электр желісіне тұрақты қоспай пайдалануға мүмкіндік беретін аккумулятормен жабдықталады.

OpenAI әзірлеп жатқан ақылды дауыс зорайтқыш туралы алғашқы мәліметтер биылғы ақпан айында тараған болатын. Сол кезде құрылғының бағасы шамамен 200–300 АҚШ доллары көлемінде болатыны және нарыққа 2027 жылы шығуы мүмкін екені айтылған еді. Кейін Bloomberg басылымы бұл өнімнің Amazon Echo және осы санаттағы өзге құрылғылардан ерекшеленетін жаңа сипаттамаларын жариялады.

Құрылғының басты ерекшеліктерінің бірі – қозғалысқа келетін механикалық бөлшектердің болуы. Инженерлер арнайы қозғалтқыштардың көмегімен пайдаланушымен өзара әрекеттесу кезінде құрылғы корпусының қозғалуын қамтамасыз еткен. Бұл шешім құрылғының әрекетін табиғиға барынша жақындатып, оны тірі нысан ретінде қабылдау әсерін күшейтуді көздейді. Екінші ерекшелігі – ChatGPT технологиясына негізделген дауыстық көмекші. OpenAI компаниясының мәліметінше, бұл көмекші Amazon әзірлеген Alexa жүйесіне қарағанда пайдаланушының жеке ерекшеліктеріне анағұрлым жақсы бейімделеді. Уақыт өте келе жүйе иесін танып, оның жеке деректерін, соның ішінде электрондық поштадағы мәліметтерді пайдалану арқылы жұмысын жекелей бейімдейді. Ал қоршаған ортаны қабылдау үшін құрылғы камерамен және әртүрлі сенсорлармен жабдықталады.

Жаңа дауыс зорайтқышты бір бөлмеден екіншісіне еркін алып жүруге болады. Бұған құрылғының кіріктірілген аккумуляторы мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол жасанды интеллект негізіндегі көмекші қызметін атқарып қана қоймай, музыканы ойнатуға және «ақылды үй» жүйесіндегі құрылғыларды басқаруға да мүмкіндік береді. Жобаға OpenAI компаниясының 400-ден астам инженері жұмылдырылған. Олардың қатарында бұрын Apple компаниясында еңбек еткен мамандар да бар.

Дереккөз: Bloomberg

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.