Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты келісім жобасын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әзірлеп, құжат қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымды құру туралы келісімнің жобасын дайындады. Құжатқа сәйкес, бас кеңсесі Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында орналасатын жаңа үкіметаралық халықаралық ұйым құрылады.
Келісім жобасында көрсетілгендей, аталған ұйым жасанды интеллект саласындағы халықаралық ықпалдастықты нығайтуға, мемлекеттер арасындағы технологиялық алшақтықты азайтуға, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын азаматтық мақсатта қауіпсіз пайдалану, құқықтық реттеу және стандарттау бағытында ортақ ұстаным қалыптастыруға күш салады.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның құрылтайшы мемлекет ретінде қатысуы елімізге халықаралық тәжірибе алмасу алаңына қосылуға, жасанды интеллектіні дамытуға қатысты ортақ тәсілдерді бірлесіп әзірлеуге және осы саладағы ұлттық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңа ұйымға мүшелік ету цифрлық технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, мемлекеттер арасындағы технологиялық даму деңгейіндегі айырмашылықты азайтуға оң ықпал етеді деп күтіледі. Келісім жобасы «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталында жарияланды. Құжат 15 шілдеге дейін қоғамдық талқылауда болады.
Айсұлу Басенова
365.info












