Home Кәсіби маман Үш миллиард қолданушысы бар WhatsApp-ты енді Кунал Шах басқарады

Үш миллиард қолданушысы бар WhatsApp-ты енді Кунал Шах басқарады

12

Үндістандық Cred финтех-стартабының негізін қалаушы Кунал Шах WhatsApp платформасының жаңа басшысы болып тағайындалды. Бұл шешім Meta компаниясының дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі саналады. Компания төлем қызметтерін, бизнеске арналған шешімдерді және жасанды интеллект негізіндегі мүмкіндіктерді одан әрі жетілдіру арқылы өз ұстанымын нығайтуды көздейді. Бұл туралы BBC ақпарат агенттігі хабарлады.

Бұған дейін негізінен Үндістандағы кәсіпкерлер мен инвесторлар арасында танылған Кунал Шах бүгінде үш миллиардтан астам қолданушысы бар жаһандық байланыс платформасын басқаруға кірісті. Оның кәсіпкерлік жолы 2010 жылы ұялы байланыс шотын толықтыруға арналған FreeCharge платформасын құрудан басталды. Кейін бұл жоба табысты сатылып, Шах жаңа бастамаларға ден қойды. Ол стартаптарға инвестиция салып, кеңесшілік қызмет атқарды. Кәсіпкердің кеңінен танылуына Cred компаниясы ықпал етті. Аталған жоба несие картасы бойынша төлемді уақытында жүзеге асыратын пайдаланушыларды ынталандыру қағидатына негізделген.

Дегенмен кәсіпкердің қызметі мен жүзеге асырған жобалары әрдайым оң бағалана қойған жоқ. Сарапшылар оның компанияларының ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығына қатысты күмән білдірді. Сондай-ақ бірқатар маман стартаптар арасында бизнестің орнықты дамуына емес, компания құнын өсіруге және инвестиция тартуға басымдық берілуі алаңдаушылық туғызатынын айтты. Соған қарамастан Кунал Шахтың жақтастары оның нарықты терең түсінетінін және болашақтағы өзгерістерді дәл болжай алатынын атап өтеді. Startup Policy Forum ұйымының атқарушы директоры Швета Раджпал Кохли Шахты құқықтық талаптарды жан-жақты түсіне отырып, пайдаланушыға қолайлы цифрлық өнім әзірлей алатын сирек мамандардың бірі ретінде бағалады.

MediaNama технологиялық басылымының негізін қалаушы әрі бас редакторы Никхил Пахва BBC-ге берген пікірінде Кунал Шахтың тағайындалуын тек оның қаржы технологиялары саласындағы тәжірибесімен байланыстыру дұрыс емес екенін айтты. Сарапшының пікірінше, Meta бизнесті кеңейту тәжірибесі мол, тұтынушылардың мінез-құлқын терең зерделейтін және олардың қызығушылығын қалыптастыру тетіктерін жақсы меңгерген басшыға сенім артқан.

Meta компаниясы бұл тағайындауға негіз болған себептерді ресми түрде жариялаған жоқ. Алайда корпорацияның бас директоры жаңа басшыны таныстыру кезінде Кунал Шахтың жаңашыл ойлай білетінін әрі технологиялардың болашағына кең ауқымда қарайтынын ерекше атап өтті. Енді оның алдында WhatsApp мүмкіндіктерін технология саласымен ғана шектелмейтін, әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиардтаған пайдаланушыға бейімдеп, кең ауқымда дамыту міндеті тұр.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.