Қытайдың Photon Matrix Lab стартапы жасанды интеллект пен лазерлік технологияларға негізделген масаны жоятын ықшам құрылғыны әзірлеу үшін Indiegogo краудфандинг платформасы арқылы шамамен 2,7 миллион АҚШ долларын жинады. Бастапқыда компания 20 мың доллар көлемінде қаржы тартуды жоспарлаған болатын. Алайда жобаға әлемнің 50 елінен 4 мыңға жуық адам қолдау білдірді. Олардың әрқайсысы құрылғы жаппай өндіріле бастағаннан кейін оны алу құқығы үшін шамамен 630 АҚШ долларын төлеген.
Жаңа әзірлеме жасанды интеллектке негізделген компьютерлік көру жүйесі мен лидар модулімен жабдықталған ықшам құрылғы болып саналады. Жүйе әуеде ұшып жүрген масаны анықтап, оның қозғалыс бағытын бақылайды және лазер сәулесі арқылы жояды. Компания өкілдерінің мәліметінше, бұл технология өнеркәсіпте қолданылатын құрамдас бөлшектерді кең тұтынушыларға арналған өнімге бейімдеу негізінде жасалған. Техникалық директор Ли Жаньнің айтуынша, Қытайдағы өндірістік инфрақұрылымның жоғары деңгейде дамуы күрделі тәжірибелік үлгілерді қысқа мерзімде әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жергілікті компаниялардың шетелдік бәсекелестерден озық болуына ықпал етеді.
Бастапқы жоспар бойынша компания құрылғыны тұтынушыларға жаздың басында жеткізуді көздеген. Дегенмен жаппай өндірісті іске қосу мерзімі тамыз айына шегерілді. Компания мұны датчиктердің жұмысын қосымша дәлдеумен және өнімнің Батыс елдерінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растауға арналған сертификаттау рәсімдерінен өту қажеттілігімен түсіндірді. Краудфандинг платформалары арқылы қаржыландырылатын жобалар үшін өндіріс мерзімінің кейінге шегерілуі жиі кездесетін жағдай саналады.
Жобаның қаржыландырылуы жасанды интеллектіге негізделген тұрмыстық құрылғыларға деген тұтынушылар қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар сарапшылар жобаның нарықтағы жетістігі құрылғының техникалық мүмкіндіктерімен ғана шектелмейтінін атап өтеді. Оның нәтижесі компанияның жаппай өндірісті тиімді ұйымдастыра алуына және әлемнің әр түкпіріндегі мыңдаған сатып алушы алдындағы міндеттемелерін толық орындауына да тікелей байланысты.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












