Home Сараптама AI-SANA. Кадр даярлаудың жаңа үлгісі

AI-SANA. Кадр даярлаудың жаңа үлгісі

49

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі цифрлық экономика үшін кадр даярлауға және жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ұлттық маңызы бар бастамалардың бірі саналатын AI-SANA бағдарламасына арналған жарияланымдар топтамасын бастайды.

Қазіргі таңда жасанды интеллект технологиялық және экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. Оның қолданылу аясы білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік басқару салаларын кеңінен қамтиды. Осындай жағдайда жасанды интеллект технологияларын әзірлеуге және оларды тиімді пайдалануға қабілетті білікті мамандарды даярлау мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар міндеттердің біріне айналып отыр.

AI-SANA инженерлерді, зерттеушілерді, бағдарламашыларды және технологиялық кәсіпкерлерді даярлауға бағытталған ұлттық бастама болып табылады. Бағдарлама білім беру, ғылым және инновация бағыттарын өзара ұштастыра отырып, студенттерге жасанды интеллект технологияларын меңгеруге ғана емес, оларды нақты практикалық міндеттерді шешуге және өз жобаларын жүзеге асыруға пайдалануға мүмкіндік береді.

Бағдарламаның алғашқы кезеңінде негізгі AI құзыреттері бойынша оқудан өткен студенттерге 697 мыңнан астам сертификат табысталып, әлемдегі жетекші халықаралық білім беру платформаларына қолжетімділік берілді.

Келесі кезең тәжірибелік дағдылар мен кәсіпкерлік құзыреттерді дамытуға арналды. 2026 жылдың сәуір айынан бастап «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен AI-SANA бағдарламасының екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Осы кезең аясында жасанды интеллектке негізделген кәсіпкерліктің негіздерін меңгеру бойынша 90 мыңға жуық студент білім алуда. Оқу бағдарламасын Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Пол Ким әзірлеген.

Алдағы уақытта бағдарламаға қатысушылар жобалық топтарға біріктіріліп, өздерінің технологиялық шешімдерін әзірлейді. Кейін бұл жобалар Astana Hub және QazInnovations ұйымдарымен бірлесіп инкубациялық және акселерациялық қолдау бағдарламаларынан өтеді. Соның нәтижесінде әлеуеті жоғары бастамалардың нарыққа шығуына және олардың одан әрі дамуына жол ашылады.

Бағдарламаның екінші кезеңін іске асыруға жетекші халықаралық сарапшылар тартылған. Олардың қатарында Стэнфорд университетінің, Массачусетс технологиялық институтының, Кремний алқабындағы венчурлік қорлардың және халықаралық бизнес мектептерінің өкілдері бар. Бағдарламаның екінші және үшінші кезеңдеріне арналған оқу-әдістемелік материалдар Пол Кимнің жетекшілігімен АҚШ-тың Zemex Inc. компаниясының қатысуымен әзірленді. Бағдарламаны іске асыру жұмыстарына жасанды интеллект, цифрлық трансформация және инновациялар салалары бойынша 63 жетекші халықаралық сарапшы, сондай-ақ Stanford University, Carnegie Mellon University, UC Berkeley, Johns Hopkins SAIS, Georgetown University, Boston University және басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет атқарған профессорлар мен оқытушылар қатысуда.

Келесі жарияланымдарда AI-SANA бағдарламасын іске асыру тетіктері, оның студенттер мен оқытушыларға ұсынатын мүмкіндіктері, қол жеткізілген нәтижелері, сондай-ақ еліміздің технологиялық келешегін айқындайтын мамандарды даярлауда жоғары оқу орындарының қосып отырған үлесі туралы жан-жақты ақпарат ұсынылады.

Жасанды интеллектіні дамыту және жоғары білікті кадрлық әлеуетті қалыптастыру елдің орнықты дамуын қамтамасыз етудің, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық цифрлық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың маңызды алғышарттарының бірі болып саналады.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.