Home Сараптама Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі толық цифрлық экожүйеге бет алды

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі толық цифрлық экожүйеге бет алды

16

Елде бірыңғай цифрлық денсаулық сақтау контурын қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының бас директоры Нұршат Сарыбек қазіргі атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметі.

Спикердің айтуынша, жүйеде қазірдің өзінде 21,3 мың медициналық ұйым, 275 мың медицина қызметкері және 141 мыңнан астам медициналық техника бірлігі туралы деректер жинақталған.

«Біз жекелеген, бір-бірімен байланысы жоқ автоматтандыру кезеңінен бірыңғай цифрлық денсаулық сақтау экожүйесін құру деңгейіне өттік. Бүгінде саланы басқару тәсілдерін түбегейлі өзгертетін аса маңызды платформалардың енгізілу нәтижелерін көріп отырмыз», – деді Нұршат Сарыбек.

Осылайша, 1С жүйелерімен және кадрлық деректер базаларымен жүргізілген цифрлық интеграцияның арқасында деректерді қолмен енгізу үлесі 0%-ға дейін төмендеп, медицина қызметкерлеріне түсетін әкімшілік жүктеме 30–40%-ға қысқарған.

«Біз деректердің бытыраңқылығын жойып, 21 300-ден астам медициналық ұйым мен 275 000 қызметкер туралы ақпаратты бірыңғай цифрлық ортаға біріктірдік», – деп атап өтті РЭДС орталығының басшысы.

Сонымен қатар ол негізгі басым бағыттардың бірі – әйелдер мен балалар денсаулығын бақылау екенін айтты. Қазіргі таңда 6,8 миллион бала мен 4,8 миллион әйелдің цифрлық профилі қалыптастырылған, ал бақылау 80 негізгі көрсеткіш бойынша жүргізіліп отыр.

Жүкті әйелдің айырбастау картасы енді eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді. Пациенттерді динамикалық бақылаудың жаңа форматы енгізілуде: бүгінде 3,6 миллион адам бақылауда. «Цифрлық бақылау картасы» дәрігерге пациенттің қай өңірде жүгінгеніне қарамастан, оның ауруханаға жатқызылу тарихын, тағайындауларын және жазылған рецептерін көруге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында дәрілік заттарды дербестендірілген жоспарлау жүйесі іске қосылған. Ол 1,9 миллион пациент пен 683 медициналық ұйымды қамтиды. 2026 жылға арналған жалпы жоспарлау көлемі 330,9 млрд теңгені құрады. Таңбалау кодтарының арқасында дәрі-дәрмек қалдықтарын онлайн бақылау және олардың қозғалысын толық қадағалау қамтамасыз етілген.

Келесі кезең – бірыңғай интерфейсі және жасанды интеллект ассистенті бар Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені (БММАЖ) іске қосу. Жоба аясында 1 900-ден астам медициналық ұйымды қосу жоспарланып отыр, бұл ретте жекеменшік медициналық ақпараттық жүйелерден бірыңғай мемлекеттік платформаға кезең-кезеңімен көшу жүзеге асырылады.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.