Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Әкімнің цифрлық жұмыс орны» (ӘЦЖО) жобасын еліміз бойынша кең ауқымда енгізуді жалғастыруда. Қазіргі таңда бұл цифрлық платформа республиканың 17 облысы мен 1894 ауылдық округін қамтып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – өңірлік басқару жүйесіндегі қағазбастылықты азайтып, сан түрлі сауалдар мен есептерге кететін уақытты қысқарту арқылы әкімдерге ауылдың әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы толық әрі өзекті ақпаратты жедел ұсыну.
Жүйе Цифрлық отбасы картасының негізінде әзірленген және 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректерін біріктіреді. Бірыңғай цифрлық кеңістікте тұрғындардың табысы, жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік мәртебесі туралы мәліметтер, жылжымайтын мүлікке қатысты ақпарат, инфрақұрылым нысандарының жай-күйі, денсаулық сақтау мен білім беру салаларының көрсеткіштері, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алушылар жөніндегі деректер жинақталған.
Деректерге жедел қол жеткізу мүмкіндігі ауыл әкімдеріне халықтың қажеттіліктеріне дәл әрі уақытылы ден қоюға жағдай жасайды. Соның нәтижесінде әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау жеңілдей түседі. Сонымен қатар мемлекет өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды алдын ала анықтап, оларға қажетті қолдау тетіктерін автоматты түрде ұсыну мүмкіндігіне ие болады.
ӘЦЖО жүйесін енгізу ауылдық әкімдіктерге түсетін әкімшілік жүктемені айтарлықтай төмендетеді. Жұмыс үдерістерінің автоматтандырылуы көптеген міндеттердің орындалуын жеңілдетіп, нақты уақыт режимінде жиналатын талдамалық деректер есептілік дайындаудағы қол еңбегін азайтады. Нәтижесінде адами фактордың ықпалы төмендеп, басқару шешімдерін объективті деректерге сүйене отырып қабылдауға жағдай жасалады.
Алдағы кезеңде жүйенің функционалдық мүмкіндіктері одан әрі кеңейтіле түседі. Жақын уақытта ӘЦЖО платформасына жер ресурстары, салықтық көрсеткіштер, субсидиялар жөніндегі ақпараттар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының статистикалық деректері енгізіледі. Бұл ауылдық аумақтарды кешенді түрде дамытуға, өңірлік саясаттың тиімділігін арттыруға және жергілікті басқарудың сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












