Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстанда аэротакси мен дрондарға арналған жаңа құқықтық негіз қалыптасуда

Қазақстанда аэротакси мен дрондарға арналған жаңа құқықтық негіз қалыптасуда

11

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі депутаттардың бастамасымен әзірленген цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік саласындағы озық технологияларды реттеу мәселелеріне арналған заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

Заң жобасы ұшқышсыз көлік технологияларын енгізу мен оларды қауіпсіз пайдалануға арналған кешенді нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыруды көздейді. Құжат аясында «жетілдірілген әуе мобильдігі», «қалалық әуе мобильдігі», «вертипорт», «қалалық әуе мобильдігі аймағы», сондай-ақ «ұшқышсыз қозғалысты басқару қызметі» секілді негізгі ұғымдар заңнамалық деңгейде бекітіледі. Бұдан бөлек, авиациялық техниканы пайдаланушылар, әзірлеушілер және өндірушілер үшін сертификаттардың жаңа түрлерін енгізу қарастырылған.

Мәжіліс отырысына қатысқан Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, қабылданған түзетулер eVTOL аппараттары мен жоғары деңгейде автоматтандырылған өзге де авиациялық жүйелерді қоса алғанда, жаңа буын әуе кемелерін пайдалану кезінде реттеу, бақылау және қауіпсіздік талаптарын тиісті деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, биыл 19 мамырда Алатау қаласында Қазақстан мен Орталық Азия тарихында алғаш рет eVTOL (electric Vertical Take-Off and Landing) технологиясына негізделген электрлі ұшу аппаратының көрсетілімдік ұшуы өтті. Аэротакси ретінде танылған бұл аппарат тік көтеріліп, тік қона алады. Сынақ барысында бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity әуе көлігі көкке көтерілді. Аппарат сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдық жинап, бір қуаттаумен 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсере алады.

Жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда. Alatau City аумағында қалалық әуе мобильдігін дамытуға бағытталатын инвестиция көлемі шамамен 300 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазақстандық жеке компания — Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) AutoFlight компаниясымен V2000/V5000 сериясындағы 50 eVTOL аппаратын сатып алу жөніндегі меморандумға қол қойған.

Айта кетейік, 2026 жылғы 8 мамырда Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойған болатын. Аталған құжат қалалық әуе мобильдігі (Urban Air Mobility) технологияларын енгізуге, арнайы әуе кеңістіктерін қалыптастыруға және эксперименттік құқықтық режимді іске асыруға арналған құқықтық негіздерді айқындайды.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.