Home Және басқа ақпараттар Және басқалары Мудзанмен соңғы шайқасқа жол: Шексіз қамал неліктен көрерменді тәнті етті?

Мудзанмен соңғы шайқасқа жол: Шексіз қамал неліктен көрерменді тәнті етті?

39

Қыркүйек айында әлемдік прокатқа «Дәуітжапырақ: Шексіз қамал» (Demon Slayer: Kimetsu no Yaiba) толықметражды анимесі жол тартты. Бұл туынды — жоспарланған трилогияның алғашқы бөлімі.

«Дәуітжапырақ» жаз айлары мен күздің басында кинотеатрларға көрерменді ағылтып, кассалық кіріс жағынан бірнеше рекордты жаңартты.

Бұл туынды Коёхару Готогэнің 2016–2020 жылдар аралығында жарық көрген танымал мангасына негізделген. Бүгінде ол аниме индустриясы тарихындағы ең табысты жобалардың бірі саналады.
Аталған фильмді тамашаламас бұрын, оның негізгі аниме-сериалын түгел көріп шығу керек.

Оқиға ХХ ғасырдың басындағы Жапонияда өрбиді. Бас кейіпкер Танджиро Камадо әкесі қайтыс болғаннан кейін анасы мен бауырларын асырауды өз мойнына алады. Олар тау қойнауындағы үйеңкі орманның ішінде тұрып, көмір сатумен күн көреді. Күндердің күнінде Танджиро көрші қалаға барып, қайта оралғанда, бүкіл отбасының аяусыз өлтірілгенін көреді. Тек қарындасы Недзуко ғана аман қалады. Зәресі ұшқан Танджиро көмек іздеп ұмтылғанымен, көп ұзамай қарындасының адам танымастай өзгергенін, өзге тіршілік иесіне айналғанын түсінеді.

Тылсым күштің жетегінде кеткен қарындасы Танджироға тап береді, алайда дәл сол сәтте пайда болған құбыжық аулаушы араша түседі. Ол Недзуконың көзін жоймақ болғанымен, бойжеткеннің бойында адамдық қасиеттің сақталғанын және ағасына деген бауырмалдығын байқап, райынан қайтады. Ендігі жерде Танджироның басты мақсаты — қарындасын құтқару. Осы жолда ол құбыжық аулаушылар жасағының қатарына қосылады.

Мудзанмен соңғы шайқасқа жол: Шексіз қамал неліктен көрерменді тәнті етті?

Оқиғаның жалғасы ретінде 2020 жылы шыққан Шексіз пойыз толықметражды анимациялық фильмін көру қажет. Онда негізгі желі пойызға жасалған құбыжықтар шабуылы төңірегінде өрбиді. Кейіннен бұл сюжет жеті бөлімнен тұратын телехикая нұсқасы ретінде кеңейтілді. Сондықтан көрермен фильмді немесе оқиғасы тереңірек баяндалатын сериалдың екінші маусымын таңдай алады.

Мудзанмен соңғы шайқасқа жол: Шексіз қамал неліктен көрерменді тәнті етті?

Бұл кезең он бір бөлімнен тұратын 2021 жылғы Қызыл шамдар орамы атты сюжеттік желімен ұласады. Мұнда Танджиро ең жоғары сатыдағы құбыжықтармен бетпе-бет келеді. Осылайша, екінші маусым жалпы саны он сегіз серияны құрайды.

Мудзанмен соңғы шайқасқа жол: Шексіз қамал неліктен көрерменді тәнті етті?

Үшінші маусым Теміршілер ауылы (2022) деп аталады. Ол небары он бір бөлімнен тұратын қысқа маусым. Мұнда бас кейіпкер жаңа қару алу үшін теміршілер мекеніне аттанады. Алайда ол жерде де оны аса қуатты қарсыластар күтіп тұрады.

Мудзанмен соңғы шайқасқа жол: Шексіз қамал неліктен көрерменді тәнті етті?

Ал соңғы шешуші кезең — сегіз бөлімнен тұратын 2024 жылғы Тіректердің жаттығуы атты төртінші маусым. Бұл бөлімде Танджироның шеберлігін шыңдау жолындағы дайындығы суреттеледі. Осы тұста құбыжықтар әміршісі бастаған соңғы үш құбыжық өздерінің басты жауының ізіне түседі.Шексіз қамал экранизациясы жалпы анименің негізгі бағытын жалғастырады. Әрбір жауынгердің жігерін жаныған ауыр жаттығулардан кейін, ең маңызды сәт туады. Алда — бүкіл құбыжық атаулының қатыгез атасы Мудзанмен болатын соңғы, шешуші шайқас.

Шексіз қамалдың алғашқы бөлімі — Ufotable студиясының осы франшизадағы ғана емес, жалпы анимация әлеміндегі ең шоқтығы биік туындысы деуге толық негіз бар. Осы фильм жарыққа шыққанға дейін төртінші маусымның соңғы сериясы визуалды өнердің шыңы саналып келген еді. Ондағы жарылыс сахнасының шынайы бейнеленгені соншалық, оны салынған сурет емес, тірі бейне деп қабылдағандар көп болды. Жапондық аниматорлар бүкіл финалдық желіні (бұл манганың үштен бір бөлігін қамтитын ауқымды блок) кинотеатрларға шығарып, трилогияны 2029 жылға дейін созу арқылы үлкен тәуекелге барды және бұл қадамдары толықтай ақталды. Туындыда технологиялық тұрғыдан жетілген бейнелер мен авторлар бүкіл фильм бойы мақтанышпен паш ететін ғажайып анимация ұсынылған. Әрбір кадрды жеке өнер туындысы деуге болады. Ай сәулесі астындағы шайқастар, қылыш жүзінен шашыраған ұшқындар мен кейіпкерлердің қабырғаға түскен көлеңкелері көрерменді баурап алады.

Мудзанмен соңғы шайқасқа жол: Шексіз қамал неліктен көрерменді тәнті етті?

Ufotable студиясы бұл жолы да анимация саласында өздеріне тең келер ешкімнің жоқ екенін дәлелдеді. Жарықпен, түспен және ракурстармен шебер жұмыс істеу нәтижесінде әр кадр шағын театрлық қойылымға айналған. Бұл — оқиғаның ауқымын толық сезіну үшін тек үлкен экранда көруді талап ететін туынды.

Авторлар 2D және 3D форматын, дәстүрлі сурет салу мәнері мен заманауи компьютерлік эффектілерді өзара шебер үйлестірген. Құбыжықтардың сәулеті көз ілеспес жылдамдықпен өзгеретін сюрреалистік мекені, лотос гүлдері арасындағы шайқас, катана жүзінің шағылысуы мен жауынгерлердің жанарындағы ыза — бәрі де жоғары деңгейде бейнеленген.

«Дәуітжапырақ» қарапайым мангадан бастап, бүгінде тіпті кинокомикстерді басып озған, әлемдік деңгейдегі ең басты анимациялық хитке дейінгі жедел даму жолынан өтті. Ал «Шексіз қамал» сюжет пен бейнелеу өнерінің ең үздік тұстарын тоғыстырған, осы серияның ең жарық жұлдызына айналды.