eGov.kz порталында жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру және кадастрлық паспорттың телнұсқасын ұсыну жөніндегі мемлекеттік қызметтер жаңартылды. 1 маусымнан бастап пайдаланушылар өтінім беру кезінде қызмет ақысын бірден төлеп, нәтижесін электрондық форматта ала алады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін қызмет ақысын төлеу және қажетті құжаттарды алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару қажет болса, енді барлық рәсім толықтай онлайн форматқа көшірілді. Қызмет ақысы өтінім беру барысында төленеді, ал дайын техникалық паспорт немесе кадастрлық паспорттың телнұсқасы eGov.kz порталындағы пайдаланушының жеке кабинетінде орналасқан Қызметтерді алу тарихы бөлімінде автоматты түрде қолжетімді болады. Қызмет көрсету мерзімі жылжымайтын мүлік нысанының түріне байланысты белгіленеді.
Қызметті пайдалану үшін:
- Ең алдымен eGov.kz порталындағы жеке кабинетіне кіріп, Басты бет бөлімінен Жылжымайтын мүлік айдарын таңдауы қажет. Одан кейін Сатып алу, сату, жалға алу немесе Тұрғын үй қатынастары бөлімдерінің біріне өтіп, қажетті қызмет түрін белгілейді.
- Пайдаланушы Жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру немесе Кадастрлық паспорттың телнұсқасын беру қызметтерінің бірін таңдап, өтініштің түрі мен жылжымайтын мүлік нысанының санатын көрсетеді. Сондай-ақ Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының тиісті филиалын белгілеп, сұратылған мәліметтерді толық енгізуі қажет.
- Өтініш беру рәсімінің келесі кезеңінде қызмет құны төленеді. Бұдан кейін өтініш электрондық цифрлық қолтаңба немесе жүйеде қарастырылған өзге де растау тәсілдерінің бірі арқылы бекітіледі. Осылайша қызметті алу үдерісі толықтай электрондық форматта жүзеге асырылады.
Жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру қызметі eGov mobile мобильді қосымшасында да қолжетімді. Бұл азаматтарға қажетті құжаттарды компьютерді пайдаланбай-ақ, мобильді құрылғы арқылы рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Онлайн қызметті пайдалану үшін қажетті техникалық мүмкіндігі жоқ азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету секторларына жүгіне алады. Мұнда олар мемлекеттік қызметті мамандардың көмегінсіз дербес рәсімдей алады.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, 2026 жылғы 1 маусымнан бастап жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт беру және кадастрлық паспорттың телнұсқасын рәсімдеуге қатысты өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарының операторлары арқылы қабылдау тоқтатылады. Бұл өзгеріс мемлекеттік қызметтерді кезең-кезеңімен цифрландыру және олардың қолжетімділігін арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың жалғасы болып саналады.

Қызметтер бұдан былай тек eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн форматта көрсетіледі. Енді пайдаланушыларға қызмет ақысын бөлек төлеп, техникалық паспортты алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Барлық рәсім электрондық түрде жүзеге асырылады, ал дайын құжат eGov.kz порталындағы пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады, – деп нақтылады ол.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшуі азаматтар тарапынан жоғары сұранысқа ие болып отыр. Мұны ресми статистикалық деректер де айқын көрсетеді. Мәселен, 2021 жылы eGov.kz порталы арқылы жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт алу және кадастрлық паспорттың телнұсқасын рәсімдеу үшін 100 мың өтініш берілген. Бұл сол кезеңдегі барлық өтініштердің 22,8 пайызын құраған. Ал 2025 жылы онлайн берілген өтініштердің үлесі 41 пайызға дейін өсті.
Онлайн форматта жолданатын өтініштер санының артуы азаматтардың мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде алуға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар бұл тұрғындардың күнделікті тұрмыстық мәселелерді шешуде цифрлық сервистерді кеңінен пайдаланып, олардың мүмкіндіктеріне сенім артатынын аңғартады.
Мемлекеттік қызметтерді кезең-кезеңімен электрондық форматқа көшіру қызмет алу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде артық бюрократиялық қадамдар қысқарып, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктеме азаяды. Ең бастысы, азаматтар қажетті қызметтерді бұрынғыдан да ыңғайлы, жедел әрі қолжетімді түрде ала алады.












