Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті онлайн жабуға мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды

Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті онлайн жабуға мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды

10

eGov Business мобильді қосымшасында жаңа мемлекеттік қызмет іске қосылды. Енді кәсіпкерлер Жеке кәсіпкерліктің қызметін тоқтату рәсімін онлайн түрде жүзеге асыра алады. Бұл сервис мемлекеттік органдарға табалдырық тоздырмай-ақ, өтінішті үйден шықпай-ақ жолдауға мүмкіндік береді.

Ұлттық ақпараттық технологиялар АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қызмет eGov Business қосымшасында тіркелген жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтарға қолжетімді. Жаңа сервис өтініш беру үдерісін толықтай цифрлық форматқа көшіреді және құжат тапсыру кезеңінде мемлекеттік кірістер органдарына жеке жүгіну қажеттілігін жояды. Пайдаланушылар қосымша арқылы барлық негізгі кезеңдерден өтіп, өтінімнің қаралу барысын нақты уақыт режимінде бақылай алады.

Бүгінгі таңда eGov Business мобильді қосымшасында шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған мемлекеттік қызметтердің толық кешенін қолжетімді ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ұлттық ақпараттық технологиялар акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дәулет Бекмановтың айтуынша, қазірдің өзінде бизнестің тіркелу мен даму кезеңінен бастап, оны қайта ұйымдастыру мен жабуға дейінгі негізгі өмірлік циклі толығымен цифрлық форматқа көшірілген.

Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті онлайн жабуға мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Даулет Бекманов

«Біз мемлекеттік қызметтерді барынша қолайлы әрі қолжетімді ете отырып, бизнеске арналған цифрлық сервистердің аясын одан әрі кеңейтуді жалғастырамыз» – деп нақтылады ол.

Жаңа қызметті пайдалану үшін eGov Business мобильді қосымшасына кіріп, келесі қадамдарды орындау қажет:

  • Қызметтер санатынан Бизнесті тіркеу және тоқтату бөлімін таңдап, Жеке кәсіпкерліктің қызметін тоқтату қызметіне өту;
  • Салықтық өтініштің сәйкес санатын таңдау: D – Камералдық бақылау жүргізіле отырып, қызметін тоқтататын жеке кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын тұлға немесе E – Камералдық бақылау жүргізілмей, оңайлатылған тәртіппен қызметін тоқтататын жеке кәсіпкер;
  • Келесі кезеңде тізімнен тиісті мемлекеттік кірістер органының кодын белгілеу;
  • Деректерді жинауға және мәліметтердің шынайылығына келісім беретіні туралы тұстарды белгілеп, мақұлдау;
  • Салық органын (мемлекеттік кірістер басқармасын) таңдау;
  • Өтінішке жылдам қол жеткізу коды, Face ID немесе Touch ID арқылы қол қою.
Қазақстанда жеке кәсіпкерлікті онлайн жабуға мүмкіндік беретін жаңа сервис іске қосылды

Көрсетілген қызметтің нәтижесі мен мемлекеттік органның жауабын осы бөлімге қайта кіргенде көруге болады. Рәсім сәтті аяқталған жағдайда, жүйеде Өңделді деген мәртебе пайда болады. Бұл мемлекеттік кірістер органдарының дерекқорында жеке кәсіпкерліктің қызметі ресми түрде тоқтатылғанын айғақтайды.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.