Home Кәсіби маман Қазақстандық оқушылар жасанды интеллект саласында әлемдік деңгейде мойындалды

Қазақстандық оқушылар жасанды интеллект саласында әлемдік деңгейде мойындалды

15

Жуырда ғана жасанды интеллект көмегімен қатерлі ісікті анықтау жүйесін әзірлеген қазақстандық оқушы АҚШ-та өткен әлемдегі ең ірі ғылыми жобалар байқауы — Regeneron ISEF 2026 додасында жоғары марапатқа ие болған еді. Енді соның жалғасы ретінде қазақстандық оқушылардың тағы екі ғылыми жобасы жасанды интеллект саласындағы жетекші халықаралық ұйымдардың бірі — Association for the Advancement of Artificial Intelligence (AAAI) тарапынан арнайы марапаттарға ие болды.

KazLib жобасы – академиялық жоспарлау мен оқу үлгерімін модельдеуге арналған цифрлық платформа — AAAI Student Membership марапатын жеңіп алды. Бұл жобаның авторлары — Талдықорған қаласындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқушылары Аслан Башаров пен Болысбай Нұркелді.

Екінші жоба — Neuralese. Бұл жоба нейрондық желілерді әзірлеуге арналған визуалды-интерактивті платформа ретінде ұсынылған. Ол бірден екі арнайы марапатқа ие болды: AAAI Membership және School Library Membership. Жобаны Алматы қаласындағы Панфилов атындағы №54 Қазақстан–Ресей мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушылары Михаил Исаков пен Рахим Нұрмұханбетов таныстырды.

Жаңа марапаттар қазақстандық оқушылардың дайындық деңгейінің жоғары екенін және еліміздің жасанды интеллект пен цифрлық инновациялар саласындағы әлеуетінің артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бүгінде қазақстандық оқушылар әлемнің ең беделді ғылыми жарыстарына қатысып, олардың жобалары халықаралық сарапшылар қауымдастығы тарапынан мойындалып, ұлттық білім беру жүйесінің жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп отыр.

Айта кетейік, Regeneron ISEF — әлемдегі мектеп оқушылары арасындағы ғылыми және инженерлік жобалардың ең ірі халықаралық байқауы. Ол жыл сайын ондаған елден келген үздік жас зерттеушілерді біріктіреді. Биылғы байқау АҚШ-тың Финикс қаласында өтті, онда Қазақстан бес ғылыми жобаны ұсынды. Сол жобалардың үшеуі халықаралық конкурстың арнайы марапаттарына ие болды.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.