Home Кәсіби маман Донорлық қан қауіпсіздігі QR-код арқылы бақыланады

Донорлық қан қауіпсіздігі QR-код арқылы бақыланады

16

Республикалық қан орталығында қан компоненттерінің жапсырмаларына QR-кодтар енгізілген ScanQAN цифрлық жүйесі іске қосылды. Бұл технология қан құю қауіпсіздігін арттырып, адами факторға байланысты туындайтын тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Жүйеде келесі мәліметтер көрсетіледі:
– зертханалық талдау нәтижелері;
– қан компонентінің сипаттамалары;
– сақтау шарттары;
– қолдану ерекшеліктері;
– өзекті клиникалық ұсынымдар.

Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндіруінше, QR-кодтар қан компоненттерінің дайындалу сәтінен бастап оларды сақтау, науқасқа жеткізу және қан құю үдерісінің толық аяқталуына дейінгі барлық кезеңін дәл әрі толық бақылауға мүмкіндік береді.

Ведомство бұл цифрлық шешім медициналық көмектің қауіпсіздік стандарттарын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

Цифрлық көмекші медициналық мамандарға клиникалық жағдайларда жылдам бағдар алуға, әрбір қан компоненті бойынша кеңейтілген ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде қолдану көрсетілімдері, шектеулері және әртүрлі клиникалық жағдайларда пайдалану жөніндегі ұсынымдар қамтылған.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.