Home Ақша Қазақстанда әлеуметтік төлемдерге бірыңғай стандарт енгізіледі

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерге бірыңғай стандарт енгізіледі

13

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлерде әлеуметтік көмек тағайындау тәртібін өзгертпек. Жаңа жүйеге сәйкес, төлемдердің ең төменгі шегі енгізіліп, олардың көлемі күнкөріс деңгейімен байланыстырылады. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау тетіктері толықтай цифрлық форматқа көшіріліп, «Е-Sobes» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл өзгерістер министр Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте талқыланды деп жазады Digital Business Kazakhstan.

Осы уақытқа дейін Қазақстанның әр өңірінде әлеуметтік көмектің көлемі мен түрлері айтарлықтай өзгеше болып келді. Себебі әр облыс төлем мөлшерін жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай белгілеп отырған. Соның салдарынан бірдей санаттағы азаматтар тұрғылықты жеріне байланысты әртүрлі көлемде көмек алып келді. Жаңа ережелер осы теңсіздікті жоюға бағытталған.

Жаңартылған тәртіпке сәйкес, мерекелік және атаулы күндерге байланысты берілетін біржолғы әлеуметтік төлемдердің ең төменгі мөлшері белгіленді. Енді мұндай көмек көлемі 2,5 айлық есептік көрсеткіштен кем болмауы тиіс.

Әлеуметтік көмектің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында оның түрлері, мөлшері және тағайындау шарттары кезең-кезеңімен цифрлық форматқа көшіріліп, «Е-Sobes» ақпараттық жүйесіне енгізілуде. Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Айнұр Абдырахманованың айтуынша, өңірлердің басым бөлігінде жаңа тәртіпті енгізуге қатысты қажетті шешімдер қабылданып қойған. Қазіргі уақытта жаңартылған тәсілдерді кезең-кезеңімен іске асыру және мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.