АҚШ-тың Хьюстон қаласында әлемдегі ең ірі инженерлік турнирлердің бірі өз жұмысын бастады. Бұл ауқымды жарыс жыл сайын 50 000-нан астам қатысушыны біріктіреді. Биылғы додада Қазақстан атынан 225 оқушы қатысып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен үш есеге артқан. Делегация құрамына Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Орал, Щучинск қалаларынан және Түркістан облысынан келген командалар енген. Қатысушылар Астанада өткен Орталық Азия кезеңі — Alem Tech Fest іріктеу сайысынан сүрінбей өткен.
Аталған чемпионат мектеп оқушылары арасындағы робототехника саласындағы ең маңызды халықаралық жарыстардың бірі саналады. Қатысушылар инженерлік шешімдер әзірлеп, бірнеше кезеңдік матчтардан өтіп, финалдық кезеңге жолдама алу үшін бәсекеге түседі. Бұл алаң инженерлік даярлығы жоғары, бәсекелестік деңгейі қарқынды елдердің командаларын бір арнаға тоғыстырады.
Қатысушылар санының биыл айтарлықтай артуы жүйелі дайындық пен инженерлік білім берудің дамуының нәтижесі ретінде бағаланады. 2020 жылдан бері Қазақстан STEM бағыты бойынша халықаралық деңгейде өз ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келеді.












