Home Технологиялар Инновациялар Жасанды интеллект колоректалдық қатерлі ісікті КТ арқылы жоғары дәлдікпен анықтай бастады

Жасанды интеллект колоректалдық қатерлі ісікті КТ арқылы жоғары дәлдікпен анықтай бастады

21

Қазақстан тұрғындарының бір бөлігінде тамақтану тәртібі мен өмір салтының ерекшеліктері асқазан-ішек жолдары ауруларының жиілеуіне ықпал етіп отырғаны отандық медициналық зерттеулерде айтылып келеді. Осындай жағдайларда ерте диагностика мен скринингтің маңызы ерекше арта түсетіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда төмендегі ғылыми-технологиялық жаңалық назар аударуға тұрарлық.

Alibaba компаниясы колоректалдық қатерлі ісікті анықтауға арналған жасанды интеллект моделін әзірледі. Бұл жүйе ауруды ерте кезеңде анықтауда рентгенолог мамандардан да жоғары дәлдік көрсете алған. Coca AI деп аталатын модель контраст заттар қолданылмай түсірілген компьютерлік томография (КТ) суреттерін талдайды және сынақ нәтижесінде 86,6% сезімталдық пен 99,8% ерекшелік көрсеткішіне қол жеткізген.

Coca AI жүйесі Alibaba құрамындағы Damo Academy зерттеу орталығы мен Қытайдың жетекші медициналық мекемелерімен бірлесіп әзірленген. Ол компьютерлік томография деректерін өңдеу арқылы тоқ ішек қатерлі ісігін контрастсыз-ақ анықтауға мүмкіндік береді.

Зерттеу барысында модель 27 мыңнан астам КТ-суретті талдап, бұрын дәрігерлердің назарынан тыс қалған бес қатерлі ісік жағдайын анықтаған. Әзірлеушілердің дерегінше, жүйе 86,6% сезімталдық және 99,8% ерекшелік деңгейін көрсеткен. Бұл көрсеткіштер ауруды дәл анықтау мен жалған диагноздардың алдын алудағы жоғары тиімділікті айғақтайды.

Жасанды интеллект жүйесі тәжірибелі дәрігерлермен салыстырмалы түрде де бағаланған. Нәтижесінде Coca AI әртүрлі тәжірибе деңгейіндегі он рентгенологтан жоғары нәтиже көрсетіп, сезімталдықты 20,4%-ға арттырған. Сонымен қатар, оны көмекші құрал ретінде қолдану дәрігерлердің диагностикалық дәлдігін де жақсартқан: сезімталдық 14,5%-ға, ал ерекшелік көрсеткіші 3,1%-ға өскен.

Мамандар қазіргі таңда колоректалдық қатерлі ісікті анықтаудың негізгі әдістерінің бірі саналатын колоноскопияның инвазивті сипатта болып, науқастарға қолайсыздық тудыратынын атап өтеді. Осыған байланысты жасанды интеллектке негізделген мұндай шешімдер ерте скрининг жүргізудің анағұрлым қолжетімді әрі ыңғайлы баламасы ретінде қарастырылуда.

Coca AI — Damo Academy орталығының онкологиялық диагностика саласындағы кезекті әзірлемесі. 2017 жылы құрылған бұл бөлімше бұған дейін асқазан қатерлі ісігін анықтайтын Grape моделін және ұйқыбез обырын диагностикалауға арналған Panda жүйесін ұсынған. Соңғысы АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы тарапынан «серпінді құрылғы» мәртебесіне ие болған. Ал өткен айда Damo Academy RISC-V архитектурасындағы XuanTie C950 флагмандық чипін таныстырды.

Сонымен бірге зерттеушілер аталған нәтижелер қазіргі таңда шектеулі клиникалық деректерге негізделгенін, сондықтан жүйенің кең ауқымды тәжірибеде тиімділігі қосымша зерттеулер мен сынақтар арқылы нақтылануы қажет екенін атап өтеді.

Екатерина Шемякинская

Хайтек +

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды MobiLaser Telegram арнасынан оқуға болады.