Байқоңыр ғарыш айлағында елдің ғарыш саласы үшін маңызды тарихи оқиға тіркелді. 45-алаңнан «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешені аясында орта санаттағы келешегі зор «Союз-5/Сұңқар» зымыран тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы сәтті жүзеге асырылды.
Сынақ ұшырылымы барысында зымыранның бірінші және екінші сатылары қалыпты режимде жұмыс істеп, өлшемдік-салмақтық макет есептелген траекторияға сәтті шығарылды. Аталған ұшырылым күрделі инженерлік нысанның Қазақстанның ғарыш қызметтері нарығындағы әлеуетін кеңейтуге толық дайын екенін дәлелдеді. «Бәйтерек» жобасы — елдің заманауи ұшыру инфрақұрылымын дербес пайдалануға көшуіне мүмкіндік беретін стратегиялық маңызы жоғары жетістік.
Кешенді құру аясында жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту, ұшыру жүйелерін салу және бейімдеу, басқару, жанармай құю және қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Іске асырылған технологиялық шешімдер ұшырылым алдындағы үдерістерді жоғары деңгейде автоматтандыруға мүмкіндік беріп, халықаралық сенімділік талаптарына толық сәйкес келеді.
«Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенін іске асыру — соңғы жылдардағы ең күрделі технологиялық жобалардың бірі. Автоматтандыру мен қауіпсіздік талаптарына толық жауап беретін заманауи кешен қалыптастырылды. Бүгінгі ұшырылым Қазақстанның ғарыш индустриясына толыққанды қатысу үшін қажетті барлық тетіктерді қалыптастырғанын көрсетті. Олардың қатарында дербес ұшыру инфрақұрылымы, ұлттық спутниктік жобалар және жоғары білікті инженерлік кадрлар бар.
«Бәйтерек» зымыран кешенінің сәтті ұшырылуы ғарышты игеру бағытындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Жобаны жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етіп, түрлі ғарыш аппараттарын орбитаға шығару мүмкіндігін кеңейтеді. Ұшырылымға дайындық технологиялық регламенттерге қатаң сәйкес жүргізіліп, барлық тораптар мен жүйелердің үздіксіз әрі сенімді жұмысына басымдық берілді.
Жаңадан құрылған ғарыштық-зымыран кешенін пайдалануға 40-тан астам техникалық жүйе тартылды. Сынақтардың толық циклі барысында олардың өзара тиімді әрекеттестігі қамтамасыз етілді.
«Прогресс» зымыран-ғарыш орталығында әзірленген «Союз-5/Сұңқар» тасығышының техникалық сипаттамалары төменгі Жер орбитасына 17 тоннаға дейін пайдалы жүк шығаруға мүмкіндік береді. Зымыран сенімділігі дәлелденген қуатты қозғалтқыштармен жабдықталған: бірінші сатыда — РД-171МВ, екінші сатыда — РД-0124МС қозғалтқыштары қолданылады. «Fregat» үдеткіш блоктары мен бас қаптамалардың әртүрлі нұсқаларын пайдалану кең ауқымды міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік береді.
«Союз-5/Сұңқар» зымыраны мен «Бәйтерек» кешені экологиялық қауіпсіз ғарыш технологияларының жаңа кезеңін айқындайды. Керосин мен сұйық оттегі сияқты улы емес отын түрлерін пайдалану ғылымның дамуына серпін беріп, елдің индустриялық әлеуетін нығайтудың жаңа көкжиектерін ашады.












