Home Кәсіби маман Қостанайда төртінші атом электр станциясын салу мүмкіндігі қарастырылуда

Қостанайда төртінші атом электр станциясын салу мүмкіндігі қарастырылуда

19

Қазақстанда Қостанай өңірінде төртінші атом электр станциясын салу мүмкіндігі талқыланып жатыр, деп хабарлайды LS.

Ақорда кулуарында Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев елдегі атом электр станцияларын дамытуға қатысты жоспарлармен бөлісті.

«Қазіргі уақытта кемінде үш, ал болашақта төрт атом электр станциясын салу мәселесі қарастырылып отыр. Алғашқы кезекте Балқаш маңы аймағы, Курчатов қаласы, сондай-ақ энергетикалық нысандарды пайдалану тәжірибесі бар Батыс Қазақстан өңірі басым бағыт ретінде айқындалған. Бұдан бөлек, өзге де ықтимал алаңдар зерттелуде. Соның ішінде елдің энергия теңгерімін ескере отырып, алдағы жиырма-отыз жылда Қостанай да атом электр станциясын салуға қолайлы орындардың бірі ретінде қарастырылуы мүмкін»,- деді ол.

Агенттік басшысы әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, станцияны жобалау үдерісі орта есеппен бес-жеті жылға созылатынын, ал құрылыс жұмыстары он жылдан он бес жылға дейін уақыт алатынын атап өтті.

Оның айтуынша, алғашқы станция бойынша жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Балқаш маңындағы Үлкен кентіне жақын орналасқан алаңда жобалық-іздестіру жұмыстары толық аяқталған. Қаржыландыру мәселесінде қиындық туындамайды деп күтілуде. Белгіленген схемаға сәйкес, Ресей тарапы Қазақстанға атом электр станциясын салуға мемлекетаралық несие ұсынбақ.

«Қазіргі кезде үкіметаралық келісім әзірленіп жатыр. Құжаттардың бірі тікелей атом электр станциясының құрылысына қатысты болса, екіншісі Ресей тарапынан қаржыландыруды қарастырады. Жобаның жалпы құнының сексен бес пайызы несие есебінен, ал қалған он бес пайызы Қазақстан үкіметі тарапынан қаржыландырылмақ. Бұл келісімдер әзірлік тұрғысынан едәуір жоғары деңгейге жеткен»,-деп нақтылады Алмасадам Сәтқалиев.

Жобаның түпкілікті құны жобалау кезеңі аяқталғаннан кейін белгілі болады. Қазіргі алдын ала есеп бойынша, әрқайсысының қуаты 1,2 мың мегаватт болатын екі энергоблокқа шамамен 15 миллиард АҚШ доллары қажет болуы мүмкін.

Сондай-ақ Қазақстан атом электр станциялары базасында ұлттық холдинг құру жоспарланып отыр. Бұл құрылым барлық атом электр станцияларына иелік етіп, олардың қызметін ұйымдастырумен айналысады.

Бұдан бөлек, екінші атом электр станциясына қатысты шешім қабылданған. Ол да Балқаш маңында салынуы жоспарланып отыр.

«Қазіргі таңда үш ықтимал алаң қарастырылуда, олардың қорытындысы бойынша нақты орналасу орны жарияланады. Екінші станцияның жұмыс атауы Мойынқұм атом электр станциясы деп белгіленген. Мұнда да қуаты әрқайсысы 1,2 мың мегаватт болатын екі энергоблок салу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта технология жеткізушіні таңдау бойынша серіктестермен келіссөздер жүргізілуде. Бұған дейін басым серіктес ретінде Қытайдың CNNC компаниясы қарастырылған еді», – деп түйіндеді Алмасадам Сәтқалиев.