Home Сараптама Қазақстанда еңбек иммигранттарына арналған мемлекеттік қызметтер жеңілдетілді

Қазақстанда еңбек иммигранттарына арналған мемлекеттік қызметтер жеңілдетілді

31

Қазақстанда еңбек көші-қоны саласына қатысты мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі өзгерді. Енді еңбек иммигранттарына жұмыс істеуге рұқсат беру және оны ұзарту қызметі Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілмейді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, еңбек иммигранттарына рұқсат беру және оны ұзарту қызметі толықтай онлайн форматқа көшіріліп, тек eGov.kz порталы арқылы қолжетімді болды. Жаңашылдық құжат рәсімдеу барысында халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару қажеттілігін жойып, қызмет алу үдерісін едәуір жеңілдетті.

Енді шетел азаматтары Қазақстан аумағында жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеу үшін рұқсатты онлайн рәсімдей алады немесе оның мерзімін ұзарта алады. Бұл ретте пайдаланушылардың бірқатар құжаттарды қолмен жүктеу қажеттілігі де жойылды.

Мәселен, медициналық анықтама мен сақтандыруға қатысты деректер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Мұндай тетіктер өтінім беру уақытын қысқартып қана қоймай, құжат рәсімдеу кезінде жіберілетін қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин атап өткендей, бүгінде eGov.kz электрондық үкімет порталында еңбек иммигранттарына рұқсат беру қызметі бойынша барлық қажетті интеграциялар толық іске асырылған. Атап айтқанда, медициналық тексеруден өту, сақтандыру жүйесіне тіркелу және салық төлемдері автоматты түрде тексеріледі. Мемлекеттік қызметтердің жедел түрде онлайн форматқа көшуі және олардың тәулік бойы қолжетімді болуы ескеріліп, ағымдағы жылдың 13 сәуірінен бастап бұл қызметті халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы ұсыну тоқтатылды. Енді өтінім беру тек eGov.kz немесе migration.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.

Аталған мемлекеттік қызметті алу тәртібі туралы қосымша ақпарат eGov.kz порталы мен оның ресми әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған.