2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан стратегиялық тұрғыдан маңызды межеден өтті: отандық IT-қызметтер экспорты 1,142 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіштерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тіркеген. Аталған деректер елдің технологиялар бойынша таза экспорттаушы мемлекетке айналып келе жатқанын дәлелдейді. Қазіргі экспорттық түсім көлемі шетелдік цифрлық шешімдерді импорттауға жұмсалған шығыннан 2,6 еседен астам жоғары. Импорт көлемі 429 млн долларды құрады.
Айта кету керек, экспорттық түсімнің 1,1 млрд доллар деңгейіне жетуі елдің цифрлық экожүйесінің кемелденгенін білдіреді. Ұлттық Банк деректері қазақстандық IT-шешімдерге әлемнің 110-нан астам елінде сұраныс бар екенін көрсетеді. Қазіргі кезеңдегі басым бағыт – Кремний алқабынан бастап Оңтүстік-Шығыс Азияға дейінгі халықаралық хабтар желісі арқылы осы ықпал аясын кеңейту. Бұл қадам отандық инновацияларды жаһандық қосылған құн тізбектеріне кіріктіруге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі кешенді шараларды іске асыруда. Бұл бағытта негізгі қозғаушы күш ретінде Astana Hub технопаркі айқындалып отыр: оның резиденттерінің экспорт көлемі 633 млн АҚШ долларына жетті. Қазіргі уақытта 537 компания өз өнімдерін шетел нарығына шығарып отыр, ал экспорт географиясы Германия, Испания, Нидерланд және Біріккен Араб Әмірліктерін қамтиды. Экожүйе аясында 32,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар e-residency жобасы 6 мыңнан астам шетелдік маманға Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымына қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы Гиззат Байтурсыновтың айтуынша, IT-қызметтер экспортын дамыту – елдің толыққанды цифрлық экономикасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі таңда Қазақстанда IT-компаниялардың халықаралық нарықтарға шығуына, өз шешімдерін кеңейтіп, жаһандық цифрлық экономикаға ықпалдасуына жағдай кезең-кезеңімен жасалып келеді. Бір миллиард долларлық меженің бағындырылуы – қолдау тетіктерінің, экожүйенің дамуы мен халықаралық деңгейдегі ілгерілетудің нақты нәтиже беріп отырғанын көрсетеді. Алдағы міндет – осы өсімді тұрақтандырып, цифрлық қызметтер экспортын одан әрі ұлғайтуға берік негіз қалыптастыру.












