Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстан – Әзербайжан арасындағы суасты байланыс желісі 2026 жылы іске қосылады

Қазақстан – Әзербайжан арасындағы суасты байланыс желісі 2026 жылы іске қосылады

26

Қазақстанда байланыс саласындағы стратегиялық маңызы жоғары инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жоба елдің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, халықаралық деректер алмасу жүйесіндегі орнын күшейтуге бағытталған.

Жобаны пайдалануға беру 2026 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев Freedom Inside 2026 форумында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі қазіргі уақытта іске асыру кезеңінде тұр және биылғы жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі. Аталған жоба Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасындағы интернет-трафикті транзиттеу әлеуетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Алдын ала жарияланған жоспарға сәйкес, 2026 жылдың тамыз айында Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбімен байланыс желісін тартады. Жобаның жалпы ұзындығы шамамен 380 шақырымды құрайды. Бұл – Каспий теңізінде алғаш рет жүзеге асырылатын суасты талшықты-оптикалық байланыс желісі болмақ.

Биыл наурыз айында Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан арасында тиісті келісім ратификацияланды. Құжат Каспий теңізінің түбі арқылы өтетін суасты кабелін тартуды көздейді. Жоба тек деректер алмасуды күшейтіп қана қоймай, алдағы уақытта Қара теңіз бағытындағы ұқсас инфрақұрылымдық бастамалар арқылы энергия ресурстарын Еуропа нарығына жеткізу мүмкіндігін де қарастырады.