Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда EdTech бағытындағы стартап оқушылардың психологиялық әл-ауқатын зерттемек

Қазақстанда EdTech бағытындағы стартап оқушылардың психологиялық әл-ауқатын зерттемек

20

Қазақстандық WeGlobal AI білім беру технологиялары саласындағы стартапы еліміздің барлық 20 өңірін қамтитын оқушылардың психологиялық жағдайына арналған ауқымды зерттеуді іске қосты. Жоба мектептегі әлеуметтік орта мен жасөспірімдердің менталдық саулығына қатысты республикадағы алғашқы кешенді деректер қорын қалыптастыруды көздейді. Бұл туралы digitalbusiness.kz хабарлайды.

Зерттеу жұмысы Қазақстан бойынша 10 мыңнан астам оқушыны қамтиды. Талдау аясында мектептегі қауіпсіздік сезімі, буллингтің таралу деңгейі, ұйқы сапасы және психологиялық көмекке қолжетімділік мәселелері қарастырылады.

Сауалнама сұрақтары қазақстандық педагогтер мен психологтердің қатысуымен әзірленген. Олар оқушылардың күнделікті тәжірибесіне негізделіп, шынайы жағдайды барынша дәл көрсетуге бағытталған.

Жобаның ғылыми кеңесшісі – Оксфорд университетінің балалар мен жасөспірімдер психиатриясы кафедрасының меңгерушісі, профессор Мина Фазель. Қазақстандағы зерттеу британдық OxWell Student Survey жобасының қағидаттарына сүйенеді. Бұл тәсіл оқушылардың оқу үлгерімін емес, олардың нақты қажеттіліктерін анықтауға басымдық береді.

Зерттеудің негізгі мақсаты – әр өңірдегі жағдайды объективті бағалау үшін бытыраңқы деректерді бір жүйеге біріктіру. Сонымен қатар жоба балалардың психологиялық көмек алуына кедергі келтіретін факторларды анықтауды көздейді. Олардың қатарында қоғамдағы стигма және білікті мамандар тапшылығы бар.