Home Электроника Алматыда 2,7 млрд долларлық 20 жоба іске қосылмақ

Алматыда 2,7 млрд долларлық 20 жоба іске қосылмақ

23

Алматыда инновация, электроника және фармацевтика бағытында жалпы құны 2,7 миллиард долларды құрайтын 20 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Almaty Invest компаниясының басшысы Қайрат Бекенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, мегаполистің даму ерекшеліктерін ескере отырып, Алматы үшін Шанхай тәжірибесі аясында қаржы институттары, инвестициялық қорлар, банктер, медициналық кластерлер, сондай-ақ электроника мен жасанды интеллект саласындағы инновациялық жобалар айрықша қызығушылық тудырады.

Қайрат Бекеновтің сөзінше, қазіргі таңда электроника мен тұрмыстық техника өндірісіне қатысты жобалар саны артып келеді. Осы мақсатта делегация Шанхайда өткен ірі тұрмыстық техника көрмесіне қатысып, бірқатар жетекші компанияларды Алматының инвестициялық әлеуетімен танысуға шақырған.

Бүгінде жалпы құны 2,7 миллиард доллар болатын 20 жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделіп отыр. Мәселен, индустриялық аймақта қытайлық инвестордың қатысуымен сирек жер металдарын анықтауға арналған бірегей зертхана құрылысы басталған.

Сонымен қатар Алматыда ғылыми платформа құру жоспарланған. Оны келесі жылы іске қосу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта зертхана жұмысына қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектерін тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Бұдан бөлек, кәсіпорындарды фармацевтика мен электроникаға маманданған ПИТ Алатау арнайы экономикалық аймағына орналастыру мүмкіндігі қарастырылған.

Almaty Invest басшысы мегаполисте білікті кадрлық әлеует, қажетті инфрақұрылым және инвесторларға қолдау көрсететін тиімді тетіктер қалыптасқанын атап өтті.

Сондай-ақ қалада шетелдік ғалымдармен бірлесіп жұмыс істейтін ғылыми орталықтар ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама жергілікті мамандардың кәсіби деңгейін арттырып, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етпек.