Home Технологиялар Инновациялар ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп...

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

18

Көп жағдайда кез келген құрылғыны оның техникалық сипаттамалары арқылы-ақ түсіндіруге болады. Бір қарағаннан-ақ қай мақсатқа лайық екенін аңғару қиын емес. Алайда шынайы мүмкіндігі тек жұмыс барысында ашылатын құрылғылар да бар. Күнделікті міндеттер, қысқа мерзімдер, келіссөздер мен үнемі ауысып отыратын жұмыс ырғағы мұндай техниканың әлеуетін толық көрсетеді. ASUS ExpertBook B5 дәл осындай санатқа жатады. Теорияға бойламай, тәжірибеге жүгінуді жөн көрдік. Сондықтан ноутбукты мобильділік, сенімділік және тұрақты өнімділік аса маңызды саналатын ортада жұмыс істейтін маманға ұсындық. Біз өз тарапымыздан ASUS ExpertBook B5 B5605C үлгісінің негізгі техникалық ерекшеліктері мен маңызды қырларына ғана назар аудардық.

Біздің әңгімелесушіміз — BAZA-V жабдықтау орталығы серіктестігінің директоры Арман Әбдікәрімов. Аталған компания IPSC спортшыларына, күштік құрылым қызметкерлеріне, аңшыларға және белсенді өмір салтын ұстанатын жандарға арналған жабдықтарды жеткізумен айналысады. Мұндай ортада ноутбук не жұмысты жеңілдететін сенімді құралға айналады, не бар болғаны салмақ қана қосатын, мүмкіндігі толық ашылмаған техника күйінде қалады.

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Mobilaser: Арман, әңгімені негізгі сұрақтан бастасақ. Сіздің жұмыс үдерісіңізде ноутбук қандай рөл атқарады

Арман Әбдікәрімов: Шынын айтсам, бұл баяғыдағыдай жай ғана жұмыс компьютері емес. Қазір ол мен үшін шағын басқару орталығына айналды. Құжаттар да осында, байланыс та осында, талдау, бейнеқоңыраулар, деректер қоры — бәрі бір құрылғыда тоғысқан. Сондықтан талап та жоғары. Ноутбук жылдам, сенімді әрі тұрақты жұмыс істеуі керек. Ең бастысы — кез келген жағдайда кідіріссіз, артық әуресіз қызмет етуі қажет.

Mobilaser: ASUS ExpertBook B5 үлгісімен жұмыс істей бастағанда алғашқы әсер қандай болды. Кәдімгі корпоративтік ноутбук сияқты қабылданды ма, әлде бірден ерекшелігі байқалды ма

Арман Әбдікәрімов: Алғашқы әсерім бірден жақсы қалыптасты. Ең алдымен жинақталуы сапалы, артық дүниеден ада. Бұл іскерлік орта үшін үлкен артықшылық. Себебі мұнда сыртқы әсерден гөрі тұрақтылық маңызды. Дизайны назарды бөлмейді, өзін ерекше көрсетуге тырыспайды, өз жұмысын нақты орындайды.

Бірнеше күннен кейін оның ұсақ, бірақ маңызды артықшылықтары айқын байқалады. Әсіресе көп тапсырмамен қатар жұмыс істегендегі жылдамдығы көңілге қонады. Бір мезетте бірнеше қосымшаны ашып, мессенджерлер мен көптеген беттерді қатар қолдансам да, жүйе еш кідірмейді.

Mobilaser: Бұған дейін қолданған құрылғылармен салыстырғанда айырмашылық сезілді ме

Арман Әбдікәрімов: Иә, айырмашылық бірден байқалады. Бұл тек жылдамдыққа қатысты емес, ең алдымен тұрақтылыққа байланысты. Жүктеме артқан кезде де өнімділік төмендемейді.

Тағы бір маңызды қыр — автономдылығы. Арнайы уақыт өлшеп тексерген жоқпын, бірақ бір жұмыс күнін еш қиындықсыз еңсереді. Бұл — күн бойы батарея деңгейіне алаңдамай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қуатталуы да жылдам, шамамен елу минутқа жетпейтін уақытта алпыс пайызға дейін толады.

Дизайны, қосылу мүмкіндіктері мен дисплейі туралы

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Ноутбуктың корпусы алюминий қорытпасынан құйылған және MIL-STD 810H әскери стандартына сай сынақтардан өткен. Бұл оның дірілге, температураның күрт өзгеруіне және әртүрлі механикалық әсерлерге төзімді екенін аңғартады.

Пернетақтада да күнделікті жұмысқа қажет ұқыпты шешімдер бар. Ол кездейсоқ сұйықтық төгілуінен қорғалған, қақпағы кең бұрышта ашылады, ал жарықтандыруы кез келген ортада еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Қосылу мүмкіндіктері де толық ойластырылған. Құрылғыда екі USB-C Thunderbolt 4 порты бар, олар DisplayPort пен Power Delivery технологияларын қолдайды. Бұдан бөлек екі USB-A 3.2 Gen2, HDMI 2.1, желіге арналған RJ45 ұясы, дыбысқа арналған порт және microSD картасына арналған слот қарастырылған.

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Mobilaser: Қосылу мүмкіндіктеріне тоқталсақ. Сыртқы құрылғыларды жиі пайдаланасыз ба?

Арман Әбдікәрімов: Иә, үнемі қолданамын. Осындайда порттардың жеткілікті болуы үлкен қолайлылық береді. Қосымша өткел іздеп әуре болмайсың, құрылғыны жалғап, бірден жұмысқа кірісесің. Қажет болса бірнеше мониторды қатар қосуға болады. Кеңседегі жұмыс үшін бұл маңызды мүмкіндік.

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Mobilaser: Көпшілік 16 дюймдік ноутбуктарды мобильділік тұрғысынан ауырлау деп қабылдайды. Өлшеміне келсек, құрылғының көлемі 358 х 254 х 17,95 миллиметр, салмағы 1,75 килограмм шамасында.

Арман Әбдікәрімов: Бұл тұсы мені де таңғалдырды. Сырттай қарағанда ірілеу, бір орында тұратын техника сияқты әсер қалдырады. Ал шын мәнінде жеңіл әрі тепе-теңдігі жақсы сақталған. Қолға ұстауға да, өзіңмен бірге алып жүруге де ыңғайлы. Қай жерде болмасын ашып, бірден жұмысқа кірісуге болады.

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Mobilaser: Экранға тоқталсақ. 16 дюймдік формат күнделікті жұмысыңызға қалай әсер етеді

Арман Әбдікәрімов: Әсері айқын. Бірнеше сағаттың ішінде үйреніп кетесің, кейін шағын экранға қайта оралу қиын. Мен көбіне құжаттармен, кестелермен, хат алмасумен айналысамын, кейде бірнеше терезені қатар ашамын. Осындайда кең экран жұмыс кеңістігін ұлғайтып, артық әрекеттерсіз еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Экранның күңгірт қабаты ерекше назар аудартады. Жарық әр ортада әртүрлі болатыны белгілі, кейде кеңседе, кейде көлікте, ал кей жағдайда ашық алаңда жұмыс істеуге тура келеді. Осындайда шағылысудың болмауы үлкен артықшылық береді. Пайдаланушы экранға бейімделмейді, керісінше экран пайдаланушының жұмыс ырғағына икемделеді.

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Mobilaser: Ал бейне сапасы қандай деңгейде? Бұл құрылғыда қарапайым матрица емес, 16 дюймдік IPS форматтағы WQXGA дисплей қолданылған. Ажыратымдылығы 2560×1600, жаңарту жиілігі 144 герц. Мұндай параметрлер түс қанықтығын сақтап, көру бұрышын кеңейтеді, шамамен 178 градусқа дейін еркін қарауға мүмкіндік береді. Жарықтылығы 400 кд м² деңгейіне дейін жетіп, күн сәулесі түскен жағдайда да жұмысқа кедергі келтірмейді. Күңгірт қабат көзге түсетін жүктемені азайтады. Жіңішке жақтаулар экран аумағын ұлғайтып, жұмыс кеңістігін тиімді етеді. Бұл кестелермен, презентациялармен және графикалық материалдармен жұмыс істеуде айқын байқалады.

Арман Әбдікәрімов: Бұл сипаттамалар жұмыс барысында нақты сезіледі. Біріншіден, жарықтылық жеткілікті, айнала жарық болса да экран анық көрінеді. Екіншіден, бейненің бірқалыпты берілуі байқалады. 144 герц жиілігі іскерлік ноутбук үшін үйреншікті болмауы мүмкін, бірақ жұмыс істеген кезде айырмашылық бірден сезіледі. Беттерді жылжыту, терезелерді ауыстыру әлдеқайда жатық көрінеді. Мұның мәні сыртқы әсемдікте емес, пайдаланушыға қолайлылықта. Ұзақ жұмыс кезінде көздің шаршауы азаяды. Алғашында ұсақ деталь болып көрінгенімен, күн соңында әсері анық байқалады.

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Mobilaser: Қазіргі жұмыс үдерісінде байланыс маңызды рөл атқарады. Онлайн кездесулер мен қоңыраулар кезінде ноутбук қалай жұмыс істейді

Арман Әбдікәрімов: Жүйе сенімді жұмыс істейді. Әсіресе шуды басу мүмкіндігі өте маңызды. Қоңыраулар әртүрлі ортада өтеді, әрдайым тыныш кабинет бола бермейді. Осындай жағдайда артық дыбыстар автоматты түрде сүзгіден өтіп, сөйлесу анық естіледі. Пайдаланушы өз орналасқан жеріне алаңдамайды. Бұл уақытты да, күшті де үнемдейді. Камера мен микрофон сапасы жеткілікті деңгейде, қосымша құрылғыларды қосудың қажеті жоқ.

Өнімділігі жайында

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Mobilaser: Енді өнімділікке тоқталсақ. Көп тапсырманы қатар орындау кезінде ноутбук өзін қалай көрсетеді?

Арман Әбдікәрімов: Жүйенің басты артықшылығы тұрақтылықта. Жұмыста ең қолайсыз нәрсе – техниканың бірде жылдам, бірде баяу жұмыс істеуі. Бұл құрылғыда ондай мәселе жоқ. Бір уақытта бірнеше қосымша ашық тұрса да, жүйе бірқалыпты жұмыс істейді. Қосымшаларды жауып, жүктемені азайту қажет деген ой туындамайды.

Mobilaser: Бұл модель Intel Core Ultra екінші буын процессорлық платформасына негізделген. Core Ultra 5 225H және Core Ultra 7 225H нұсқалары ұсынылған. Құрамында жасанды интеллект есептерін жеделдететін арнайы нейромодуль бар. Ол алгоритмдерді бұлтқа жүгінбей-ақ жергілікті деңгейде өңдеуге мүмкіндік береді әрі энергия тиімділігін арттырады. Нейропроцессор қуаты 13 TOPS деңгейінде, ал жасанды интеллектке қатысты жалпы өнімділік 99 TOPS шамасына жетеді.

Бұл көрсеткіштер корпоративтік пайдаланушылар үшін нақты артықшылық береді. Үлкен көлемді кестелермен жұмыс істеу, аналитикалық есептер жүргізу, графикалық материалдарды өңдеу, сондай-ақ презентациялар мен есептерге деректер дайындау барысында жүйе жоғары жылдамдық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді.

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Бейнежүйе құрамдас Intel UHD Graphics графикалық ядросына негізделген. Кеңсе жұмыстары үшін оның мүмкіндігі толық жеткілікті. Сыртқы мониторларды қосу екі Thunderbolt 4 порты арқылы жүзеге асырылады, олар DisplayPort және Power Delivery технологияларын қолдайды. Сонымен қатар HDMI 2.1 интерфейсі де қарастырылған. Құрылғыға бір мезгілде үшке дейін 4K дисплей қосуға болады. Осы мүмкіндіктердің арқасында ExpertBook B5 кеңседен тыс жерде де толыққанды жұмыс станциясы ретінде пайдалануға лайық.

Деректерді сақтау жүйесі PCIe 4.0 интерфейсіндегі көлемі 1 ТБ болатын SSD негізінде ұйымдастырылған. Бұған қоса екінші жинақтауышты орнату мүмкіндігі бар. Атап айтқанда, M.2 2280 форм-факторында 2 ТБ дейін және M.2 2230 форматында 512 ГБ дейінгі құрылғыларды қосуға болады. RAID 0 және RAID 1 технологиялары қолдау табады. RAID 0 файлдармен жұмыс жылдамдығын арттырса, RAID 1 деректердің көшірмесін жасап, сенімділікті күшейтеді. DDR5-5600 жедел жадының көлемі 64 ГБ-қа дейін жетеді. Бұл құрылғыны көптапсырмалы режимде, соның ішінде ресурсты көп қажет ететін кеңселік және корпоративтік қосымшалармен жұмыс істеуге әмбебап құралға айналдырады.

Бұл модельде жасанды интеллект үдеткішімен жабдықталған Intel Core Ultra процессорларының жаңа буыны қолданылады. Мұның нақты жұмыста әсері байқала ма, әлде әзірге болашаққа бағытталған мүмкіндік пе деген сұрақ туындайды.

Арман: Меніңше, бұл технологияның қалай және қай жерде жұмыс істеп тұрғанын әрдайым анық байқай бермейсің, бірақ жалпы әсері сезіледі. Мәселен, жүйе артық қызбайды, қажетсіз шу шығармайды, күрт жүктеме түскенде де баяулап қалмайды.

Тағы бір маңызды қыры – энергия тиімділігі. Ресми көрсеткіштерге сүйенсек, жасанды интеллект үдеткіші қуат тұтынуды азайтуға ықпал етеді. Тәжірибеде де бұл байқалады. Ноутбук, әсіресе күнделікті тапсырмалар кезінде, ұзақ уақыт бойы қайта қуаттаусыз жұмыс істей алады.

Mobilaser: Мұнда ASUS ExpertCool салқындату жүйесінің де үлесі зор. Оның арқасында ноутбук 40 Вт-қа дейінгі жүктеме кезінде де тұрақты жұмыс істеп, процессор мен графикалық жүйенің шамадан тыс қызуына жол бермейді. Құрылымда гидродинамикалық мойынтіректері бар желдеткіштер қолданылған, олардың қызмет ету мерзімі стандартты үлгілерге қарағанда 50 пайызға ұзағырақ. Радиатордың жұқа қабыршақтары ауа ағынын 26 пайызға арттырады. Бұған қоса, ішкі бөлшектерді шаңнан қорғайтын арнайы сүзгі орнатылған. Бұл шешім құрылғының сенімділігі мен ұзақ мерзімді қызметін қамтамасыз етеді.

Қауіпсіздік туралы

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Mobilaser: Корпоративтік құрылғыларда тек өнімділік емес, қауіпсіздік те аса маңызды. Бұл сіз үшін қаншалықты өзекті?

Арман: Өте маңызды. Себебі ноутбукта жұмысқа қатысты ақпарат, құжаттар, әртүрлі қолжетімділік деректері сақталады. Мұнда мәселе жай ғана ыңғайлылықта емес, ықтимал қауіп-қатерлерде.

Жеке өзім үшін саусақ ізі сканері, камерадағы қорғаныш жапқыш және бет-әлпетті тану функциясы жеткілікті.

Mobilaser: Ал TPM, смарт-карталарды пайдалану мүмкіндігі немесе басқа да қауіпсіздік жүйесінің құрамдас бөліктерін қолданасыз ба?

Арман: Бұл сұрақты біздің IT маманға қойған дұрыс шығар. Мұндай техникалық жайттарды толық меңгермеймін. Дегенмен ноутбуктың осындай мүмкіндіктерді қолдауының өзі маңызды. Бұл құрылғыны корпоративтік жүйеге оңай енгізуге, басқаруға және қауіпсіздігін бақылауға болатынын білдіреді.

Mobilaser: Қысқаша түсіндірме берейік. ExpertBook B5 ноутбугында цифрлық қауіпсіздікке ASUS ExpertGuardian жүйесі жауап береді.

Операциялық жүйе деңгейінде құрылғы Windows 11 Secured-core PC технологияларымен қорғалған. Ядроны оқшаулау және жад тұтастығын сақтау сияқты тетіктер маңызды үдерістерді сырт көзге көрінбейтін деңгейде қорғайды. Бұл жүйе шифрлау кілттерін сақтайтын және Trusted Computing Group талаптарына сай келетін TPM 2.0 чипімен бірге жұмыс істейді.

Құрылғыға қолжетімділік көпфакторлы аутентификация арқылы бақыланады. FIDO2 стандартына негізделген биометриялық кіру және Match-on-Chip саусақ ізі жүйесі пайдаланушыны жылдам әрі сенімді тануға мүмкіндік береді. Аппараттық деңгейдегі қорғаныс Dual BIOS технологиясымен күшейтілген. Ол жүйені өздігінен қалпына келтіруді қамтамасыз етіп, бағдарламалық жасақтаманың кері өзгертілуіне жол бермейді. Сонымен қатар сертификатқа негізделген аутентификация мен күрделі пароль саясаты енгізілген, бұл жүйеге заңсыз араласу қаупін барынша азайтады.

Ноутбуктағы смарт-карта оқитын құрылғы екі факторлы аутентификацияны қолдануға мүмкіндік береді. Ал бұзу әрекеттерін анықтау және USB порттарды бұғаттау функциялары аппараттық деңгейдегі рұқсатсыз қолжетімділіктің алдын алады. Қауіпсіздік жүйесінің тұрақты жаңартылуы және BIOS деңгейіндегі бес жылдық қорғаныс құрылғының ұзақ мерзімді сенімділігін қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде ұйымдар киберқауіптерге алаңдамай, негізгі жұмыс үдерістеріне толық көңіл бөле алады.

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Mobilaser: Арман, ашығын айтсақ: ASUS ExpertBook B5-пен бірнеше күн жұмыс істегеннен кейін ол жай ғана кезекті жұмыс ноутбугы сияқты әсер қалдырды ма, әлде есіңізде ерекше бір қыры қалды ма?

Арман: Шынын айтсам, алғашында ол кәдімгі ұқыпты, қалыпты жұмыс ноутбугы сияқты көрінеді. Артық тосынсыйы жоқ. Бірақ уақыт өте келе оның басты артықшылығы дәл осы қарапайымдылығында екенін түсінесің. Мұнда дұрыс жеткізу маңызды: бұл таңғалдыруға ұмтылатын құрылғы емес. Бір сәттік әсер сыйлайтын техника да емес. Оның мәні тұрақтылықта, сенімділікте және жұмыс барысында кедергі келтірмейтініне деген сенімде жатыр. Қанша көп қолдансаң, бұл қасиеттері соғұрлым айқынырақ сезіледі. Алғашында экран, жылдамдық, автономдылық сияқты негізгі сипаттарға назар аударасың. Кейін ұсақ детальдардың маңызы ашыла бастайды: жүктеме кезінде қалай жұмыс істейтіні, қаншалықты тез іске қосылатыны, салқындату жүйесінің тиімділігі, күні бойы өнімділікті қаншалықты тұрақты ұстайтыны.

Mobilaser: Соңғы сұрақ. Бұл ноутбукты кімдерге ұсынар едіңіз?

Арман: Жұмыс істейтін адамдарға. Қарапайым естілгенімен, шындық осы. Техниканы басқаруға уақыт жоғалтқысы келмей, оны нақты міндеттерін орындауға жұмсағысы келетіндерге.

Қорытынды

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа

Жалпы ExpertBook желісіне кеңірек қарасақ, ол әлдеқашан тек корпоративтік ноутбуктар жиынтығы болудан қалған. Қазір бұл әр моделінің өз орны бар, жүйелі түрде қалыптасқан тұтас экожүйе деуге болады. Бастапқы деңгейдегі шешімдерден бастап, B9 секілді флагмандық құрылғыларға дейінгі аралықта әрқайсысы өз міндетін атқарады. Ал ASUS ExpertBook B5 осы құрылымдағы ең қызықты тұстардың бірінен орын алған. Ресми тұрғыдан алғанда, бұл Advanced санатындағы орта деңгейлі үлгі. Ал іс жүзінде өндіруші жұмысқа қажет тепе теңдікті дәл тапқан. Яғни құрылғы базалық мүмкіндіктермен шектелмейді, сонымен бірге тек мәртебе үшін артық функциялармен шамадан тыс толтырылмаған.

Мұндағы ең маңызды жайттың бірі мынада. ExpertBook B5 тек бір ғана конфигурациямен шектелетін модель емес. Оның басты ерекшелігі икемділігінде. Бұл құрылғы әуел бастан компанияның да, нақты пайдаланушының да қажетіне бейімдеуге болатын платформа ретінде ойластырылған. Демек, біз дайын қалыпқа түскен шешімді емес, нақты міндетке сай жасақтауға болатын құралды көріп отырмыз.

Осы қыры оны осы сегменттегі көптеген құрылғылардан даралап тұрады. Өйткені көп жағдайда ноутбук белгілі бір ымыраны қабылдап, соған бейімделіп жұмыс істеуді талап етеді. Ал мұнда логика керісінше құрылған. Құрылғының өзі пайдалану сценарийіне икемделеді. Соған қарамастан ASUS ауыр, көлемді корпоративтік құрылғыларға тән шектен шыққан тәсілге бармаған. Осындай инфрақұрылымдық икемділігі бола тұра, ExpertBook B5 әлі де ықшам, алып жүруге ыңғайлы және сырт келбеті ұстамды құрылғы болып қала береді. Ол артық жүктелгендей әсер қалдырмайды, күрделі көрінбейді. Керісінше, барлығы барынша жинақы, үйлесімді және қисынды ұйымдастырылған.

ASUS ExpertBook B5 — компанияның да, жеке пайдаланушының да әртүрлі міндеттеріне икемдеп бейімдеуге болатын тиімді платформа