Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Әлеуметтік төлем төңірегіндегі алаяқтық тәсілдер әшкереленді

Әлеуметтік төлем төңірегіндегі алаяқтық тәсілдер әшкереленді

18

Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде әйелдерге арналған әлеуметтік төлемдер туралы күмәнді ақпарат жиілеп кетті. Онда бала 1,5 жасқа толғаннан кейін жұмыссыз ретінде тіркеліп, алты ай бойы мемлекеттен төлем алуға болады деген мазмұндағы ұсыныстар таралуда. Алайда бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтыны белгілі болды.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай ақпараттардың заңдық негізі жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді. Министрліктің түсіндіруінше, бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдің жұмыс орны сақталады. Сондықтан ол жұмыссыз ретінде тіркеле алмайды.

Қолданыстағы құқықтық нормаларға сәйкес, жұмыссыз мәртебесі тек нақты жұмыс іздеп жүрген және еңбекке кірісуге дайын азаматтарға ғана беріледі. Ал жұмыстан айырылуына байланысты төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға ғана тағайындалады. Бұл үшін азамат ресми түрде тіркеліп, белгіленген талаптарды толық орындауы тиіс.

Министрлік жалған мәлімет беру арқылы төлем алуға әрекет жасау заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Егер азамат жұмыспен қамтылғанын жасырып, төлем алып жүрсе, заңсыз алынған қаражат мемлекетке қайтарылады.

Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылы еліміздің 12 өңірінде осындай алаяқтық әрекеттерге қатысты 30-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде бес өңірде сот үкімі шығып, жеті іс бойынша шешім қабылданған. Тергеу барысында көптеген азаматтың әлеуметтік желілердегі жарнамалық жазбаларға сеніп, алаяқтық схемаларға тартылғаны анықталған.

Мамандар азаматтарды күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады. Әсіресе белгісіз адамдарға жеке деректерді беру қауіпті. Сенімді ақпаратты тек ресми дереккөздерден алған жөн.

Әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық мәліметті мемлекеттік порталдардан, министрліктің ресми парақшаларынан немесе 1414 байланыс орталығы арқылы білуге болады.