Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Қазақстанда тыйым салынған контентті қайта жариялағандар да жауапқа тартылады

Қазақстанда тыйым салынған контентті қайта жариялағандар да жауапқа тартылады

12

Қазақстанда заңға қайшы ақпараттың интернетте таралуына бақылау күшейтілуі мүмкін. Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) ақпараттық кеңістікте құқыққа қарсы контентті анықтау және тексеру тәртібін әзірледі. Ережені бұзғандарға бұғаттау, әкімшілік жаза немесе қылмыстық жауапкершілік қолданылуы ықтимал.

Жаңа құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжатқа сәйкес, агенттік өз құзыреті шеңберінде ашық ақпарат көздерін тұрақты түрде бақылап, заңға қайшы материалдарды анықтайды.

Қандай ақпарат тексеріледі

Мониторинг барысында интернет кеңістігінде ашық түрде жарияланған мәліметтер сарапталады. Атап айтқанда:

интернет ресурстар,

әлеуметтік желілер,

мессенджерлер,

бұқаралық ақпарат құралдары,

өзге де ақпараттық-коммуникациялық платформалар.

Агенттік бұл жұмыстың жеке деректерді қорғау туралы заң талаптарына сәйкес жүргізілетінін атап өтті.

Заң бұзушылық анықталса не болады

Құқыққа қайшы контент анықталған жағдайда мынадай шаралар қолданылады:

қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, іс қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес қаралады;

қылмыстық сипат болмаған жағдайда материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін тиісті органдарға жолданады;

заңмен тыйым салынған немесе шектеу қойылған материалдар анықталса, оларды бұғаттау үшін уәкілетті органға хабарлама жіберіледі.

Мұндай хабарламада енгізілген деректердің заңдылығы негізделіп, құқыққа қайшы материалдарды растайтын скриншоттар тіркелуі тиіс.

Қандай контент заңға қайшы деп танылады

Құжат жобасы құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы заң аясында әзірленген. Қолданыстағы нормаларға сәйкес, заңға қайшы контентке мыналар жатады:

конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге немесе елдің аумақтық тұтастығын бұзуға шақыру;

мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіру;

соғысты насихаттау;

әлеуметтік, ұлттық, діни алауыздықты қоздыру;

қатыгездік пен зорлық-зомбылықты, суицидті, порнографияны, есірткі заттарын насихаттау;

сепаратизм мен алаяқтық идеяларын тарату;

ұлтаралық және конфессияаралық келісімді бұзуға бағытталған ақпарат.

Сонымен қатар мемлекет тәуелсіздігіне күмән келтіретін, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де мәліметтерді жария ететін ақпарат та заңға қайшы деп танылады.

Қайта жариялағандар да жауап береді

Заң жобасы талқыланған кезде қоғамда тек контент авторлары ғана емес, оны қайта жариялағандар да жауапқа тартыла ма деген мәселе көтерілген еді. Мәжіліс депутаты Мәгеррам Мәгеррамов бұл ақпаратты растады.

Оның айтуынша, заңға қайшы материалды тек дайындағандар ғана емес, оны таратқан немесе өз парақшасында қайта жариялаған тұлғалар да жауапқа тартылады.

Депутаттың түсіндіруінше, егер адам зорлық-зомбылықты немесе заңсыз әрекеттерді насихаттайтын бейнематериалды өз парақшасында бөліссе, тіпті оған сыни пікір білдірсе де, ол мұндай ақпаратты таратушы ретінде қарастырылады.

Онлайн платформаларға қойылатын талап күшейеді

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ірі онлайн платформаларға қатысты жаңа талаптар әзірленіп жатқаны хабарланған. Оған сәйкес, әлеуметтік желілер, бейнесервистер мен маркетплейстер ел аумағында өз өкілдігін немесе филиалын тіркеуі тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда, платформаларды бұғаттау мәселесі қарастырылуы мүмкін. Құжат әзірге талқылау кезеңінде. Сондықтан оның жекелеген нормалары өзгеруі ықтимал.

Алина Шашкина