Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстан мектептерінде ChatGPT қолдануға рұқсат берілді: білім беру үдерісінде қандай өзгеріс орын...

Қазақстан мектептерінде ChatGPT қолдануға рұқсат берілді: білім беру үдерісінде қандай өзгеріс орын алмақ?

17

Қазақстанда білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні пайдалануға қатысты кешенді әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Бұл құжат мектептерде цифрлық сервистерді тиімді қолданудың жолдарын айқындап қана қоймай, педагогтер мен оқушылар ұстануға тиіс негізгі талаптар мен шектеулерді де нақтылап береді.

Аталған ұсынымдарды Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы дайындаған. Құжат академияның ресми интернет-ресурсында жарияланып, мұғалімдерге, әдіскерлерге және білім беру ұйымдарының басшыларына арналған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасаған digitalbusiness.kz басылымы хабарлады.

Құжатта айқын көрсетілген басты қағида – жасанды интеллект педагогтің орнын алмастыра алмайды. Ол тек оқу үдерісін жетілдіруге бағытталған қосымша құрал ретінде қарастырылады. Жасанды интеллектіні сабаққа дайындалу барысында, оқу материалдарын оқушылардың білім деңгейіне қарай бейімдеуде, сондай-ақ талдамалық жұмыстар жүргізуде қолдануға болады. Дегенмен, білім беру үдерісіндегі негізгі шешімдер толықтай мұғалімнің кәсіби жауапкершілігінде қалады.

Педагогтің құзыреті шеңберінде:

оқушылардың білімін бағалау;

оқыту мазмұнын іріктеу;

жасанды интеллект арқылы дайындалған материалдардың сапасын тексеру міндеттері сақталады.

Осыған байланысты оқушылардың білімін толықтай автоматтандырылған жүйе арқылы бағалауға жол берілмейді.

Деректер қауіпсіздігі – басты талап

Ұсынымдарда цифрлық қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілген. Мұғалімдерге оқушылардың жеке деректерін үшінші тарап сервистеріне немесе нейрожүйелерге енгізуге қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар оқу үдерісінде қолданылатын платформалар ұлттық заңнама талаптарына толық сәйкес келуі тиіс.

Құжатта академиялық адалдық қағидаларын сақтау қажеттігі де нақты көрсетілген. Оқушылар жасанды интеллект көмегімен орындалған тапсырмалар мен мәтіндерді өз еңбегі ретінде ұсынбауы тиіс. Мұндай жағдайда педагог күмәнданса, оқушыға жұмысты қайта орындауды талап етуге құқылы.

Әдістемелік ұсынымдарда білім беру үдерісінде пайдалануға болатын бірқатар заманауи цифрлық сервистердің тізімі берілген. Олардың қатарында: ChatGPT, Canva, Gemini Storybook, NotebookLM, Reading Coach, Google Lens.

Бұл құралдар мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін жеңілдетіп, сабаққа дайындық үдерісін жеделдетуге, сондай-ақ тапсырмаларды оқушылардың білім деңгейіне қарай даралауға мүмкіндік береді деп күтіледі. Жалпы алғанда, жасанды интеллектіні сауатты әрі орынды қолдану білім беру үдерісінің икемділігін арттырып, мұғалімдерге уақытты қағазбастылықтан гөрі оқушымен тікелей жұмысқа көбірек бөлуге жағдай жасайды.