Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржыны талдауға арналған Smart Data Finance аналитикалық-интеграциялық платформасы өнеркәсіптік пайдалану режиміне толық көшкенін хабарлады.
Аталған цифрлық жүйе мемлекеттік қаржы саласындағы ауқымды деректерді жинақтау, өңдеу және кешенді талдау үшін әзірленген. Платформаның басты мақсаты – басқарушылық шешімдер қабылдауға арналған бірыңғай аналитикалық ортаны қалыптастыру.
Жобаны іске асыру нәтижесінде деректерді бытыраңқы өңдеу тәсілінен заманауи цифрлық құралдарға негізделген орталықтандырылған басқару жүйесіне көшу мүмкін болды. Платформа аясында 74 дереккөзді біріктірген бірыңғай Big Data қоймасы қалыптастырылды. Сондай-ақ 12 сервистің көмегімен мемлекеттік органдардың, екінші деңгейлі банктердің және өзге ұйымдардың 36 ақпараттық жүйесімен интеграция қамтамасыз етілді.
Жүйеде салық төлеушілер туралы негізгі мәліметтер жинақталады. Олардың қатарында жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, жер учаскелері, үлестік қатысу, бағалы қағаздар, валюталық бақылау шеңберіндегі халықаралық мәмілелер, лицензиялар мен жеңілдіктер, еңбек шарттары, мобильді аударымдар және өзге де қаржылық-экономикалық операциялар туралы ақпарат бар.
Бұл деректер негізінде әрбір жеке және заңды тұлға туралы кешенді цифрлық мәліметтер жиынтығы қалыптастырылады. Сонымен қатар тұлғалардың өзара байланыстары мен аффилирлену белгілері айқындалып, аталған ақпарат салықтық әкімшілендіруді жетілдіру және тәуекелдерді басқару мақсатында кеңінен қолданылады.
Smart Data Finance платформасы тоғыз функционалдық ішкі жүйеден және 84 модульден тұрады. Ол жергілікті салықтар мен алымдарды басқару, алдын ала толтыру, аналитика және есептілік, сыртқы сауда статистикасы, жағдайлық мониторинг, камералдық бақылау және хабарламалар бағыттарын қамтиды.
Жүйеде Big Data технологиялары, жасанды интеллект пен машиналық оқыту алгоритмдері, сондай-ақ болжау аналитикасының құралдары пайдаланылады. Бұл тәсілдер салықтық міндеттемелерді есептеуді де қамтиды.
Платформа ай сайын шамамен 500 аналитикалық есеп қалыптастырады, әрі олардың басым бөлігі нақты уақытқа жақын режимде дайындалады. Деректерді заманауи визуализациялау құралдары көрсеткіштерді жедел талдауға мүмкіндік беріп, салықтық әкімшілендіру, тәуекел-менеджмент және ведомствоаралық өзара іс-қимыл салаларында тиімді басқарушылық шешімдер қабылдауға жағдай жасайды.
Жүйені пайдалану нәтижесінде салық түсімдерінің көлемі артқаны, міндеттемелерді ерікті түрде орындау үлесі көбейгені, бақылау жұмыстарының тиімділігі жоғарылағаны және әкімшілендіру шығындарының азайғаны байқалып отыр. Деректерді орталықтандыру және аналитикаға негізделген басқару тәсілі бюджет үдерістерінің ашықтығын күшейтіп, мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтады.
Алдағы кезеңде платформаға жаңа мемлекеттік ақпараттық жүйелерді қосу негізгі даму бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Қаржы министрлігі мемлекеттік қаржы саласын цифрлық тұрғыдан жаңғыртуды жүйелі түрде жалғастырып, мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға басымдық бермек.
Check-point.kz












