Home Техника Автокөліктер Ғалымдар тофу тұздығынан аса төзімді аккумулятор жасау жолын тапты

Ғалымдар тофу тұздығынан аса төзімді аккумулятор жасау жолын тапты

7

Гонконг университеті мен Оңтүстік ғылым және технология университетінің ғалымдары аккумулятор технологиясы саласында тың ғылыми шешім ұсынды. Зерттеушілер дәстүрлі электролиттің орнына тофу өндірісінен алынатын тұзды ерітіндіні пайдалануды қарастырып отыр.

Табиғи құрамды бұл ерітінді минералдарға бай, адам мен қоршаған ортаға зиянсыз, сондай-ақ құрамында жанғыш компоненттер кездеспейді. Ең маңыздысы — мұндай электролит батареяның қайта-қайта қуатталу мүмкіндігін айтарлықтай арттырып, оның қызмет мерзімін едәуір ұзартуға қабілетті.

Зертханалық сынақтар кезінде жасалған тәжірибелік үлгі айрықша төзімділігімен ерекшеленді. Аккумулятор 120 мыңнан астам қуаттау-разрядтау циклін ешқандай деградациясыз еңсерген. Салыстыру үшін айтсақ, бүгінгі таңда кеңінен қолданылатын коммерциялық батареялар, соның ішінде электромобильдерге арналған аккумуляторлар, әдетте 10 мың цикл шамасынан аса бермейді.

Тофу өндірісінен алынатын тұзды ерітіндінің мұндай ерекше қасиет көрсетуінің нақты себебі әзірге толық айқындалған жоқ. Ғалымдардың айтуынша, оның физика-химиялық ерекшеліктері әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Соған қарамастан, бұл ерітіндінің электролит ретінде дәстүрлі құрамдардан айтарлықтай өзгеше әрекет ететіні анық байқалып отыр.

Алайда осы жаңалықтың негізінде жақын арада «мәңгілік» батареялар пайда болады деп кесіп айту ертерек. Ғылыми жаңалықтардың көбі зертханалық жағдайда тамаша нәтиже көрсеткенімен, оны өнеркәсіптік деңгейде дәл сол күйінде қайталау әрдайым мүмкін бола бермейді. Сондықтан тәжірибе барысында алынған көрсеткіштерді өндірістік ортада толық жүзеге асыру күрделі міндетке айналуы ықтимал.

Бұған қоса тағы бір маңызды жайт бар. Әлемдік нарыққа қажетті батарея көлемі тофу өндірісінен шығатын тұздық мөлшерінен әлдеқайда көп. Демек, мұндай электролитті өнеркәсіптік деңгейде жеткілікті көлемде өндіру де оңай шаруа болмайтыны анық.

Техкульт