Бұған дейін хабарланғандай, 12 наурыздан бастап Қазақстанда құқықбұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін жаңа технологиялар іске қосылады. Бақылау камералары, ұшқышсыз ұшу аппараттары және интеллектуалды цифрлық жүйелер жол қозғалысы ережелерін ғана емес, өзге де әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтап, айыппұлды автоматты түрде рәсімдей алады.
Осы уақытқа дейін автоматты айыппұлдар негізінен жүргізушілерге қатысты қолданылып келді. Камералар көбіне жылдамдықты шамадан тыс арттыру немесе бағдаршамның тыйым салатын белгісіне қарамастан жүру сияқты жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейтін. Енді жаңа жүйе азаматтардың барлығына қатысты әкімшілік құқықбұзушылықтарды қамтиды.
Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, құқықбұзушылық камера, ұшқышсыз аппарат немесе мемлекеттік деректер қорына қосылған интеллектуалды жүйе арқылы анықталған жағдайда айыппұл туралы хабарлама азаматтың мобильді қосымшасына автоматты түрде жіберілуі мүмкін.
Автоматты тіркеу жүйелері төмендегі әрекеттер үшін айыппұл салуға мүмкіндік береді:
• көшеге қоқыс немесе темекі тұқылын тастау;
• белгіленбеген орындарда темекі шегу;
• жаяу жүргіншілер өткелінен тыс жерден жолдан өту;
• түнгі уақытта немесе кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сату.
Мамандардың мәліметінше, 2026 жылы көшеге тасталған темекі тұқылы үшін салынатын айыппұл мөлшері 43 250 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Төмендегі ақпараттық хабарлама қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салады.
Сурет ашық дереккөздерден алынған.












