Home Технологиялар Инновациялар Енді студенттер әскери кафедраларға онлайн өтініш бере алады

Енді студенттер әскери кафедраларға онлайн өтініш бере алады

26

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер үшін әскери кафедраларға қабылдануға өтініш беру тәртібі түбегейлі жаңартылды. Енді офицерлер мен сержанттар резервін даярлау бағдарламасына қатысуға ниетті жастар барлық құжаттарын толықтай электронды форматта, eGov.kz порталы арқылы жолдай алады. Бұл бастама білім беру мен мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін цифрландыру бағытындағы кезекті маңызды қадам саналады.

Жаңа жүйе бойынша өтініш беру мүмкіндігі күндізгі оқу бөлімінде бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттерге қарастырылған. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының мәліметінше, құжат қабылдау 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Бағдарлама талаптарын толық орындап, оқу курсын сәтті тәмамдаған түлектерге резерв лейтенанты немесе кіші сержант әскери атағы беріледі.

Бұған дейін студенттер құжаттарын қағаз жүзінде рәсімдеп, оқу орындарына жеке баруға мәжбүр болатын. Ал жаңа формат бұл үдерісті барынша оңтайландырып, уақыт пен ресурс үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді біртіндеп цифрлық жүйеге көшіру арқылы азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдетуді көздеп отырмыз. Әскери кафедраларға онлайн өтініш қабылдау – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі», – дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Даулет Бекманов.

Енді студенттер әскери кафедраларға онлайн өтініш бере алады
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Даулет Бекманов.

Онлайн платформа өтініш беру процесін жеңілдетіп қана қоймай, деректерді тексеру мен өңдеуді де автоматтандырады. Жүйе үміткер туралы мәліметтерді психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлерінен, сондай-ақ мүгедектік пен соттылық базаларынан автоматты түрде тексереді. Жеке басын куәландыратын құжаттар мен білім туралы деректер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден пайдаланушының қатысуынсыз алынады. Ал байланыс телефоны мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, ол автоматты түрде енгізіледі, тіркелмеген жағдайда қолмен толтырылады.

Қалай онлайн өтініш беруге болады?

Қызметті пайдалану үшін порталға тіркеліп, «Азаматтарға» бөлімі арқылы «Әскери есеп және қауіпсіздік», одан әрі «Әскери қызмет» санатын таңдау жеткілікті. Сол жерден әскери кафедраларға қабылдау жөніндегі электронды қызметті таңдап, қажетті мәліметтерді енгізу, оқу бағдарламасы мен кафедраны белгілеу және жеке деректерді пайдалануға келісім беру қажет. Өтініш электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады.

Жіберілген өтініштің қаралу барысы мен нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде көрініс табады. Қабылданған жағдайда электронды құжат ұсынылады, ал бас тартылған жағдайда себептері нақты көрсетілген түсіндірме жолданады. Құжаттарды қарау мерзімі өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайды.

Жаңа формат еліміздің барлық өңіріндегі студенттерге тең мүмкіндік ұсынып, әскери білімге қолжетімділікті арттырады. Сонымен қатар бұл бастама мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығын күшейтіп, жастардың уақытын тиімді пайдалануға жол ашады.