АҚШ мемлекеттік департаменті әзірлеген freedom.gov порталы әлемнің түкпір-түкпіріндегі пайдаланушыларға мемлекеттік шектеулерді айналып өтіп, түрлі контентке еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Агенттікпен сөйлескен үш дереккөздің айтуынша, портал әзірге ресми түрде іске қосылған жоқ. Жоба өткен аптада Мюнхендегі қауіпсіздік жөніндегі конференция аясында таныстырылуы тиіс болған.
Сонымен қатар, жаңа сайт өзге мемлекеттердің цифрлық заңнамасын сақтамау салдарынан Вашингтон үшін құқықтық тәуекелдер туындатуы мүмкін деген қауіп бар.
Euronews Next басылымына берген сұхбатында Еуропалық комиссияның өкілі Еуроодақ аумағында сайттарды бұғаттауды тікелей комиссияның өзі жүзеге асырмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл порталға қатысты ведомствоның әзірге жеке түсіндірмесі жоқ.
Ұлттық немесе еуропалық заңнамаға сәйкес заңсыз деп танылған сайттарды бұғаттау құқығы тек мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына тиесілі. Мұндай шектеулер өшпенділік тілін тарататын немесе террористік мазмұндағы ресурстарға да қолданылады.
Өкілдің айтуынша, бұл шаралар сөз бостандығына қарсы бағытталмаған, өйткені сөз еркіндігі Еуропалық одақтағы іргелі құқықтардың бірі саналады.
Ол сондай-ақ Цифрлық қызметтер туралы заңға сілтеме жасап, пайдаланушылар контентті модерациялау жөніндегі шешімдерге платформалардың өздері арқылы шағым түсіре алатынын атап өтті.
Кеңірек қарастырғанда, интернеттегі еркіндік деңгейін бағалайтын ашық рейтингтерге сүйенсек, Еуропадан қолайлы орта табу қиын. Бұл тізімдердің басында тұрған елдердің барлығы дерлік еуропалық мемлекеттер екенін де өкіл тілге тиек етті.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Reuters агенттігіне берген түсініктемесінде Еуропаға арнайы бағытталған цензураны айналып өту бағдарламасы жоқ екенін айтты. Алайда ол цифрлық еркіндік ведомство үшін басым бағыттардың бірі болып саналатынын жеткізді. Бұл ұстанымға жеке өмірдің құпиялығын қорғау мен цензураны айналып өтуге арналған VPN секілді технологияларды кеңінен тарату да кіреді.
Еуропа мен АҚШ-тың сөз бостандығына қатысты ұстанымдары айтарлықтай ерекшеленеді. Америка Құрама Штаттарында Конституция пікір білдірудің барлық дерлік түрін қорғайды. Ал Еуропалық одақ тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, белгілі бір шектеулер енгізген. Одақ аясында экстремистік насихатқа, соның ішінде еврейлерді, шетелдіктерді және азшылық өкілдерін жүйелі түрде қудалауға тыйым салынған.
2008 жылдан бері қолданылып келе жатқан бұл нормалар әлеуметтік желілер мен Facebook пен X секілді ірі платформаларда жекелеген контент санаттарының таралуына шектеу қояды.
Еуроодақтың Цифрлық қызметтер туралы заңы мен Ұлыбританиядағы онлайн қауіпсіздік туралы заң талаптарына сәйкес, платформалар заңсыз өшпенділік сөзін, террористік насихатты және зиянды жалған ақпаратты шектеуге, ал кей жағдайда мұндай мазмұнды жедел түрде жоюға міндетті.
Аталған тәсіл АҚШ-тың бірқатар ресми тұлғалары тарапынан өткір сынға ұшырап отыр. Олардың пікірінше, бұл ережелер Румыния, Германия және Франция сияқты елдерде оңшыл саясаткерлерге қысым көрсету құралына айналып, заңды саяси пікір білдіруге қарсы мемлекеттік деңгейде мақұлданған цензура сипатына ие болып барады.
Материал Еуропалық комиссияның түсіндірмесі ескеріле отырып жаңартылды.












