Home Робот пен дрондар,ЖИ АҚШ әскері 3D-принтерде басылып жасалған дронды таныстырды

АҚШ әскері 3D-принтерде басылып жасалған дронды таныстырды

18

АҚШ Теңіз жаяу әскерінің техникалық қызмет көрсету бөлімшесі HANX деп аталатын жаңа ұшқышсыз ұшу аппаратын таныстырды. Бұл – АҚШ-тың Ұлттық қорғаныс туралы заңында (NDAA) белгіленген талаптарға толық сай келетін алғашқы осындай жоба. Дрон барлау жүргізуден бастап нысаналы соққы беруге дейінгі түрлі міндеттерді орындай алады. Алайда оның басты ерекшелігі – жасалу тәсілінде.

HANX аппаратының негізгі бөлшектері теңіз жаяу әскерінің өз күшімен, тікелей 3D-принтерде басылып шығарылады. Бұл тәсіл әскери жабдықпен қамтамасыз ету жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізіп отыр. Ұзақ уақытқа созылатын сатып алу мен сыртқы мердігерлерге тәуелділіктің орнына, дронды өз ішінде өндіру және қажет жағдайда дала жағдайында жөндеу мүмкіндігі пайда болды. Мұндай шешім аппаратты икемді етіп, жаһандық жеткізу тізбектеріне тәуелділіктен арылтады.

Жобаның жетекшісі ретінде сержант Генри Дэвид Волпе тағайындалған. Қолданыстағы әскери дрондарды зерделей келе, ол арзанырақ әрі тиімді үлгі жасауға болатынына көз жеткізген. Осы оймен Волпе өзімен пікірлес әскери мамандардан құралған топты жинап, небәрі 90 күн ішінде дронның прототипін жобалап, құрастырып, сынақтан өткізген.

HANX-тің NDAA талаптарына сай болуы – оның тағы бір маңызды артықшылығы. Бұл дронда АҚШ-қа қолайсыз елдерде өндірілген ешбір бөлшек қолданылмағанын білдіреді. Осы арқылы Пентагон электронды немесе бағдарламалық жасақтамаға әдейі енгізілуі мүмкін жасырын қауіптерден қорғалған жүйеге ие болады.

Дегенмен, жаңа технологияның әлсіз тұстары да бар. Қазіргі кезеңде HANX-ті өндіру мен күрделі жөндеуден өткізу үшін арнайы жабдықталған инновациялық орталық қажет. Әрбір әскери бөлімше дала шатырында отырып-ақ дронды басып шығара алмайды. Сонымен қатар, модульдік құрылыммен жұмыс істеу үшін жақсы дайындықтан өткен мамандар керек.

Соған қарамастан, АҚШ армиясы 3D-басып шығару технологиясын кеңінен енгізуге ден қойып отыр. Әскери қызметкерлер дрондарды өздері жасап, оларға қызмет көрсетуге үйретілуде. Бұл қадам болашақта ұшқышсыз жүйелерді қолдану тәсілін түбегейлі өзгертуі мүмкін.