Home Робот пен дрондар,ЖИ Ғарышта өмір сүру – Масктың соңғы арманы

Ғарышта өмір сүру – Масктың соңғы арманы

24

Tesla мен SpaceX компанияларының негізін қалаушы Илон Маск Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда адамзаттың болашағы, технологиялар мен жасанды интеллекттің рөлі туралы өз ойымен бөлісті. Оның пікірінше, адамдар тек Жерде өмір сүріп қалмауы керек, санасы мен өркениетін сақтау үшін ғарышты игеру міндетті.

Баяндамасының алғашқы бөлігінде Маск компанияларының басты мақсатын түсіндірді. Ол адамзат өмірін мүмкіндігінше қауіпсіз әрі тұрақты етуге ұмтылатынын айтты. Кәсіпкер сананы қараңғы кеңістіктегі әлсіз шамға теңеді және оның ойынша, бұл шағын жарық кез келген сәтте сөнуі мүмкін. Сондықтан тіршілікті бірнеше ғарышқа тарату – адамзат өмірін сақтаудың ең сенімді жолы. SpaceX-тің миссиясы да дәл осыған бағытталған.

Екінші бөлімде Маск жасанды интеллект пен робототехника тақырыбына тоқталды. Ол алдағы онжылдықта технологиялар күнделікті өмірді түбегейлі өзгертетінін атап өтті. Болашақта тауар мен қызмет түрлері молайып, роботтар адам еңбегінің көп бөлігін өз мойнына алады. Кәсіпкер болжамынша, адам санынан да көп робот пайда болады, олар миллиардтаған гуманоид көмекшілерге айналады. Әр адамның өмірінде жеке робот көмекшісі болады және бұл әркімнің арманы болуы мүмкін. Мұндай жүйелер балаларға қарау, үй жануарларын күту, қарт ата-ананы күтуде көмектеседі.

Маск технологиялық даму мен қауіпсіздікке де назар аударды. Жасанды интеллект пен робототехниканы асығыс дамыту қауіпті екенін айтты. Ғылыми фантастикадағы сценарийлерді өмірде көргісі келмейтінін атап өтті. Болашақта технологияны дұрыс басқару адамзат үшін басты міндет болады.

Форум барысында Маск бірнеше батыл болжам жасады. Оның ойынша, 2030–2031 жылдары жасанды интеллект адамзаттың жалпы зияткерлігінен асып кетуі мүмкін. Ал 2026 жылдың соңына қарай кейбір жүйелер адамнан интеллектуалдық тұрғыда озық болады.

Сонымен қатар кәсіпкер өз арманы туралы да айтты. Ол өмірінің соңын Марста өткізгісі келеді, бірақ бұл жерде қону кезінде апатқа ұшырауды емес, Қызыл ғаламшарда өмір сүріп, табиғи жолмен өмірден өтуін көздейді.