Home Техника Автокөліктер Қазақстанда мотор майларын міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі

Қазақстанда мотор майларын міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі

12

2026 жылғы ақпаннан бастап Қазақстанда өндірілген немесе осы мерзімнен кейін елге әкелінген мотор майлары міндетті түрде цифрлық таңбалаудан өтеді. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді. Ал мотор майларының айналымын толық бақылау жүйесі 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап өнімнің қозғалысы өндіруші немесе импорттаушыдан бастап, бөлшек сауда нүктесіне дейін түгел қамтылады.

Цифрлық таңбалау міндетті түрде белгіленетін тауарлар тізбесін айқындайтын нормативтік құжатқа сәйкес енгізіледі. Ережеге сай, өндірушілер, импорттаушылар, сондай-ақ көтерме және бөлшек саудамен айналысатын кәсіпкерлер тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі ақпараттық жүйеде тіркелуі тиіс. Әрбір өнім бірлігіне қайталанбайтын арнайы цифрлық Data Matrix коды беріледі.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл бастама нарықтағы ашықтықты арттыруға және тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталған.

Ведомствоның бағалауынша, елдегі мотор майларының едәуір бөлігі көлеңкелі айналымда болуы мүмкін. Олардың ішінде белгілі брендтердің түпнұсқа ыдысына құйылған жалған өнімдер де кездеседі. Цифрлық таңбалау осындай тәуекелдерді азайтып, мотор майларының айналымын барлық кезеңде бақылауға мүмкіндік береді.