OpenAI компаниясының бас директоры Сэм Альтман Google-ды жасанды интеллект саласындағы ең ірі қауіптердің бірі деп бағалады. Оның айтуынша, бәсеке күшейген кезеңдерде компания ішінде жоғары деңгейдегі шұғыл шаралар жиі қолға алынады.
Альтман бұл туралы Big Technology подкастында айтты. Әңгімеге Google ұсынған Gemini 3 жүйесінің нарыққа шығуы себеп болған. OpenAI ұзақ уақыт көшбасшы болып келгенімен, Google мен өзге ойыншылардың өнімдерді жедел дамытуы компания басшылығын сақ болуға мәжбүр етіп отыр.
OpenAI жетекшісінің сөзінше, мұндай шұғыл әрекетке көшу — қалыпты тәжірибе.
«Ықтимал қауіп байқалған сәтте дереу әрекет етіп, жұмыс қарқынын күшейту маңызды. Бұл бізге өз орнымызды сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай жағдай жылына бір немесе екі рет қайталануы мүмкін», – деді ол.
Альтман ChatGPT іске қосылған тұста Google да осындай қысым кезеңінен өткенін атап өтті. Алайда сол кезде компания OpenAI-дың әлеуетін толық бағаламаған.
«Google әлі де аса қуатты ойыншы. Сондықтан оны басты қарсылас ретінде қарастырамыз», – деді OpenAI басшысы.
Сондай-ақ ол жыл басында DeepSeek жобасы жасанды интеллект кеңістігіне қарқынды енген кезде де компания ішінде жұмыс ырғағы күшейгенін айтты. Альтманның пікірінше, бүгінгі бәсеке тек технологиямен шектелмейді, пайдаланушының сенімі мен платформаға адалдығы да шешуші рөл атқарады.
«Қолданушылардың көбі бір ғана ЖИ жүйесін таңдауға бейім. Күнделікті өмірінде белгілі бір смартфонды пайдаланатын адам, көбіне жұмыста да сол үлгідегі құрылғыны таңдауға тырысады. Біз дәл осы үрдісті жасанды интеллект саласынан да көріп отырмыз, – деді ол.
Сонымен қатар Альтман жасанды интеллектінің бір ғана жүйесіне шамадан тыс тәуелді болудың өзіндік тәуекелдері барын атап өтті. Оның сөзінше, жекелей бейімдеу әзірге күрделі күйінде қалып отыр. Көбіне пайдаланушылар ChatGPT-пен алғашқы әсерлі тәжірибеден кейін оны негізгі цифрлық көмекшісі ретінде қолдана бастайды.
Денсаулық сақтау саласы – мұның айқын мысалы. Кейбір адамдар қан талдауының нәтижелерін ChatGPT-ке енгізіп, белгілерін сипаттайды, өздерін мазалаған сырқатқа күмәнданады, сосын дәрігерге барып, бұрын байқалмаған проблемаларды анықтап, емделіп шығады. Мұндай пайдаланушылар әдетте платформаға аса сенімді және адал болып қалады.
OpenAI басшысының айтуынша, уақыт өте келе қоғам жасанды интеллектіні пайдалану бойынша өзіне ыңғайлы тепе-теңдік табады. Нәтижесінде әр адам ЖИ-ді өз қажеттілігіне сәйкес, саналы және әртүрлі деңгейде қолдана алады.












