Home Технологиялар Жасанды зерде негізіндегі ауқымды деректер қоры елдің заманауи геологиялық мұрағатын қалыптастырады

Жасанды зерде негізіндегі ауқымды деректер қоры елдің заманауи геологиялық мұрағатын қалыптастырады

9

Қазақстанның Ұлттық геологиялық қызметі соңғы 80 жылда жинақталған ақпараттың 83 пайызын сандық форматқа көшірді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, бүгінге дейін 3,8 миллионнан астам геологиялық дерек цифрландырылған. Бұл – ел тарихында жиналған геологиялық материалдардың басым бөлігі. Жоспарға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 97,5 пайызға жетіп, ал 2026 жылы барлық мәлімет толықтай сандық жүйеге көшіріледі.

Министрлік өкілдері бұл жұмыс ұлттық цифрлық геологиялық қор құруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жаңа қор арқылы деректерге онлайн режимде жедел қол жеткізу қамтамасыз етіледі.

Ұлттық геологиялық қызметтің негізгі бағыттарының бірі – жасанды зерде технологияларына сүйенген ауқымды деректер жүйесін қалыптастыру. Бұл жүйе геологиялық материалдарды терең талдауға, тарихи деректерді қайта қарап, өңдеу уақытын қысқартуға және оларды жер қойнауын пайдалану жөніндегі бірыңғай платформаға біріктіруге жол ашады.

Министрліктің мәліметінше, жүйе мәтінді тану және бейнені талдау технологиялары арқылы бұрынғы және қазіргі геологиялық құжаттарды машинаға оқылатын форматқа көшіруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде деректердің сапасын арттырып, оларды тиімді пайдалануға жағдай жасайды.

Ауқымды деректер негізінде:
• геологиялық мәліметтердің құрылымдалған қоры,
• ақпаратты іздеу мен талдауға арналған зерделі чат-көмекші іске қосылады.

Жоба Қазақстанның геологиялық деректерін жүйелеуге, сақтауға және пайдалануға жаңа серпін беріп, саланы заманауи талаптарға сай дамытуға бағытталған.