Қазақстандағы қаржы секторында жасанды интеллектіні реттеу Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының принциптері негізінде жүргізіледі
Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Абылқасымова Central Asia Fintech Summit сессиясында баяндама жасады. Ол қаржы секторын цифрлық әдістермен жетілдіру бағытын таныстырып, жасанды интеллектіні енгізудің мүмкіндіктерін түсіндірді.
Мадина Абылқасымова қаржы нарығы дәстүрлі түрде технологиялық өзгерістердің алдыңғы қатарында тұрғанын атап өтті.
«Қаржы нарығы әрдайым барлық технологиялық өзгерістер мен инновациялық шешімдердің алдыңғы шебінде болды. Жасанды интеллект саласы да осыдан ерекшеленбейді. Бүгінде ЖИ қаржы секторында кеңінен қолданысқа енген», – деді агенттік төрайымы.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстандағы банктердің 75%-ы несие беру тиімділігін бағалау, алаяқтыққа қарсы жүйелер, маркетинг және клиенттерге қызмет көрсету сияқты бағыттарда жасанды интеллектіні пайдаланады. Дегенмен, ЖИ-ді енгізу деңгейі қаржы ұйымдарының көлемі мен мүмкіндіктеріне байланысты әртүрлі.
Агенттік басшысы, сондай-ақ, қаржы ұйымдарының талдауына және сауалнамасына сүйене отырып, жасанды интеллектіні дамытудың басты кедергілерін атап өтті.
«Негізгі қиындықтар – бірыңғай стандарттардың болмауы, деректердің сапасы және мамандардың жетіспеушілігі. Әр қаржы ұйымы өз тәжірибесін жүргізеді, бірақ жасанды интеллект жүйелерінің қалай жұмыс істеуі керектігіне қатысты ортақ тәсіл әзірге жоқ. Жасанды интеллектіні кеңінен енгізу үшін елеулі инвестиция қажет. Ол тек адам ресурстарына ғана емес, есептеу қуаты, бұлтты платформалар мен киберқорғаныс жүйелеріне де бағытталуы тиіс. Ұлттық банк пен Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігі нарықтағы барлық қатысушыларға инфрақұрылымға тең қол жеткізуді қамтамасыз етуі қажет», – деді ұйым басшысы.
Мадина Абылқасымова агенттік халықаралық тәжірибені мұқият зерттеп, қаржы секторындағы жасанды интеллектіні реттеуді Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының және Халықаралық есеп айырысу банкі (BIS) принциптері негізінде жүргізетінін айтты.
Агенттік жаңа технологияларды енгізу және бақылау қызметін цифрландыру мақсатында Қаржы нарығын реттеу стратегиясының» негізгі бағыттарын жүзеге асыруды жалғастыруда.
«Біз заманауи, технологиялық және тұрақты цифрлық реттеуді қалыптастырып жатырмыз. Ол тек өзгерістерге жауап беріп қана қоймай, олардан бір қадам алда бола алады. Бүгінде агенттік барлық бақылау құралдарын SupTech және RegTech аясында біртұтас цифрлық бақылау платформасына біріктірді», – деді агенттік басшысы.
Баяндама соңында төрайым жасанды интеллектіні енгізу және цифрландыру тек технологиялық процесс емес, сонымен бірге
қаржы секторының жұмыс мәдениеті мен қағидаттарын өзгертетінін ерекше атап өтті.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы, press@finreg.kz












